КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ ЖЫЛ БОЙЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Қабылдау комиссиясының директоры-жауапты хатшы Қайырбаева Айнұр Елтайқызы мен жауапты маман Динара Нүсіпқызы бастаған оқытушылар тобы 2024 жылдың 4 желтоқсанында Алматы қаласындағы Жетісу ауданының №109 жалпы білім беретін мектептің 11 сынып оқушыларымен кездесіп, кәсіби бағдар беру бағыты бойынша ашық әңгіме өткізді.
Кәсіптік бағдар беру – бүгінгі қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір мектеп бітірушінің бойындағы қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, белгілі бір кәсіпке қызығушылығын қалыптастыруға және болашақ мамандығын дұрыс таңдауға көмектесу үшін атқарылатын мақсатты жұмыс. Бұл бағыттағы міндеттерді жүзеге асыруға мектеп басшылары мен тәрбие жұмысын ұйымдастырушылар, сынып жетекшілері, ата-аналар да қатысуға тиіс.
Мектеп директоры Жапақов Серік Игілікұлының айтуы бойынша жоғары сынып оқушыларымен жұмыс жоспарында кәсіптік бағдар беру мәселелері бойынша әр түрлі ағартушылық шаралар қамытылған.
«Мұндай кездесулер, тренингтер, сауалнамалар ұйымдастыру жас өрендердің болашақ мамандығын таңдауда еңбек нарығындағы сұранысын ескеруді, өмірдегі өз орындарын қателеспей таңдауына мүмкіндік беретіні анық. Біздің оқу орнында 1250 оқушы білім алуда. Оның 74 оқушысы 11 сыныпта оқиды. Кәсіптік бағдар бойынша білім алушылар түрлі жоғары оқу орындары мен колледждердің мамандықтар әлемімен танысады. Бүгін міне, еліміздегі ең байырғы және аграрлық саладағы жетекші Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тыныс-тіршілігі жайында ақпараттармен таныстық. Қызықты мамандықтар туралы мәліметтерге бай брошюралар оқушылардың қызығушылығын туғызды», - деді мектеп басшысы.
Кездесу барысында оқушылар KazNARU факультеттерінің ерекшелігі, мамандыққа қойылатын талаптар, қабылдау ережесі, дайындалу барысында пайдаланылатын қосымша әдістемеліктер жайында түрлі сұрақтар қойылды. Қабылдау комиссиясының мүшелері қойылған сауалдарға жан-жақты жауаптар берді. Мамандық таңдауда қателіктерге қалай жол бермеу керек, жақсы мамандық таңдау арқылы табысқа жетудің формуласы сияқты қызықты тақырыптар қозғалды.
Өз кезегінде кездесуге қатысқан білім алушылар айтылған ақыл-кеңестерді үлкен әсермен тыңдап, белсенділік танытты. KazNARU сияқты үлкен оқу ордасында білім алуға қызығушылық танытты, өткізілген іс-шараға оң бағаларын берді.
Кездесу соңында Университет әкімшілігі мен №109 жалпы білім беретін мектептің директоры Жапақов Серік Игілікұлы арасында өзара ынтымақтастықты дамыту жөнінде Меморандумға қол қойылды.
KazNARU Баспасөз қызметі