ҚХР ҚОРҒАС ҚАЛАСЫНДА ҚазҰАЗУ ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕЛІК БАЗАСЫ АШЫЛДЫ
2024 жылғы 28 қараша - 1 желтоқсан аралығында «Қорғас Қытай - шетелдік агроорман техникалық компаниясының» ұйымдастыруымен ҚХР, Қорғас қаласында «Бір белдеу және бір жол» гүл және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының саммиті мен Құрылтай жиналысы болып өтті. Оған а.ш.ғ.д. профессор Д.Н.Сарсекова бастаған «ҚазҰАЗУ» КеАҚ «Орман ресурстары, аң аулау және балық шаруашылығы» кафедрасының ғалымдары, Жұмабаев атындағы Өсімдіктерді қорғау институты және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай орман питомниктерінің директорлары мен төрағалары қатысты.
ҚазҰАЗУ Басқарма мүшесі, Басқарма Төрағасы-Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлтанғазиев Қуат Елеусізұлы құттықтау сөз сөйледі. Барлық қатысушы елдер ғалымдарының орман және гүл питомнигі саласындағы жетістіктері туралы баяндамалары тыңдалды.
Саммит барысында гүл және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының Құрылтай жиналысы өтіп, оның Төрағасы болып ҚазҰАЗУ «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультеті базасында Қазақ - Қытай ландшафттық инновациялар орталығының директоры Жянг Бинвый сайланды.
Қауымдастықтың мақсаты – Қорғас аймағындағы орман және гүл өнеркәсібі ресурстарын біріктіру және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу, соымен қатар, Орталық Азияда да кеңірек халықаралық нарықта орман және гүл өнеркәсібінің бірлескен дамуына ықпал ету.
Саммиттен кейін Қорғас қаласындағы орман питомнигіне экскурсия ұйымдастырылды, ол жыл бойы жаңа сорттарды іріктеу және ағаш отырғызу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілетін іргелес аудандардағы жасыл және экологиялық құрылымның негізі болып табылады.
Бұл аймақта көптеген жылдар бойы шөлейттенуге қарсы жұмыстар жүргізіліп келеді және соңғы жылдары шөлейттенуге қарсы күрестің үлгісі болып табылатын керемет нәтижелерге қол жеткізілді. Саммитке қатысушылар шөлейттенуге қарсы жобамен танысуға мүмкіндік алды, сондай-ақ алты жұлдызды көрікті жерлері бар жасыл қала ретінде белгілі Инин қаласына сапарлап барды. Жоғары стандартты жасыл аймақтар, қалалық саябақтар, мәдени көрікті жерлер жасыл қала құрылысындағы ең тамаша игіліктер болып табылады.
Қорғас қаласының басшысы, ҚХР Қорғас қалалық комитетінің Тұрақты комитетінің мүшесі Тэн Лэйдің қолдауымен «Ландшафты дизайн және көгалдандыру», «Орман ресурстары және орман шаруашылығы», «Агрономия» және «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламалары бойынша біздің университет студенттерінің өндірістік практикасынан өту үшін ҚазҰАЗУ-дың өндірістік практикалық базасы ашылды.
Бұл маңызды базаның ашылуы қытайлық әріптестермен қатар, ҚазҰАЗУ басшылығың тікелей қолдауымен және Басқарма төрағасы – Ректордың орынбасары Қ.Е. Сұлтанғазиев, Қазақстан-Қытай орталығының директоры, ректор кеңесшісі Д.Имамади, Орман шаруашылығы және жер ресурстары факультетінің деканы Д.Н.Сарсекованың бірлескен жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асты.
Осы базада 50 студенттің алғашқы тәжірибесі алдағы жылдың маусым айында жоспарланып отыр, олар заманауи жатақханамен және стипендиямен қамтамасыз етіледі.
KazNARU Баспасөз қызметі