KazNARU БАЗАСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАЙТЫН ИНСТИТУТ АШЫЛАДЫ
KazNARU БАЗАСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАЙТЫН ИНСТИТУТ АШЫЛАДЫ
Бүгін, 2025 жылдың 08 ақпанында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қытай ғылым академиясының (СAS) академиктері бірлесіп, Чжэцзян технологиялық университеті (ZJUT), сондай-ақ ҚХР-дың жоғары технологиялық компаниялар тобымен бірге Қазақстан-Қытай ғылым және технологияны трансферлеу орталығының ресми ашылуы болды. Ол DeepBas AI деп аталады, яғни Қытайдың Deepseek жасанды интеллект қосымшасының қазақша нұсқасы.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев пен Чжэцзян технологиялық университетінің делегация басшысы Чэн Щи қол қойған меморандум аясында «Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертхана» құру қолға алынды. Зертхана жасанды интеллект, қашықтықтан зондтау, геоақпараттық жүйелер және болжамды модельдеу саласындағы озық технологияларды біріктіретін алдыңғы қатарлы зерттеулер орталығы болатыны айтылды.
Бұл жаңа жоба Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту және озық технологияларды дамыту бағытындағы маңызды қадам болмақ.
Бұдан кейін Чжэцзян Техникалық университеті География және информатика Институтының Академиялық директоры және Бас ғылыми қызметкері Чэн Щи мен қытай ғалымдары Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде болып, Университет базасында Кеңістіктік пен уақыт өлшеміндегі жасанды интеллект мамандарын даярлайтын Институт құруды ұсынды.
KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимовтің айтуы бойынша, Институтта ЖИ қолдануға бағытталған геоинформатика саласындағы Агробиология, топырақтану, өсімдік шаруашылығы, Жер ресурстары, Су ресурстары, Орман ресурстары, IT-саласы мамандарын даярлаудың бірлескен білім беру бағдарламасы дайындалмақ. Сол арқылы екі тарап ғылыми-техникалық инновацияларды дамытуға үлес қосып, Қазақстанға кеңістіктік-уақыттық деректерді талдау және тұрақты даму саласында өңірлік көшбасшы болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Чжэцзян технологиялық университетінде KazNARU мамандарын оқыту қолға алынбақ.
Делегация жетекшісі Чэн Щи жаңа Институтты бірлесе құру үшін заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен су реурстарын ақылды басқару, жүгері, жоңышқа, жемшөп сияқты т.б. дақылдарды дрондармен бүрку процесіндегі өндіру технологиясын енгізу, құрғақшылықты болжау мен алдын-алу, аурулар мен зиянкестерді жою технологиясын ұсынуға дайын екендіктерін білдірді.
Еске сала кетейік, Чжэцзян технологиялық университетінің қолдауымен бұған дейін елімізде Қытай ғылым академиясының өкілетті ғылыми орталығы, осы орталық аясында Қазақстан – Қытай ғылыми зертханасы, Экологиялық мониторинг станциясы және аграрлық ЖООларда бірқатар ғылыми-зерттеу зертханалары құрылған болатын.
KazNARU Баспасөз қызметі