KazNARU

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті, академик А.Қ.КҮРІШБАЕВҚА

Құрметті АҚЫЛБЕК ҚАЖЫҒҰЛҰЛЫ!

✅ Ел экономикасының алтын өзегі, бар қазақтың күре тамыры – ауыл шаруашылығын, білім мен ғылымды дамытуға бар күш-жігеріңізді арнап келе жатқан Сізді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі әріптестеріңіз туған күніңізбен шын жүректен құттықтайды!

✅Біз өзіңізді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білікті ғалым-аграном, үлкен биіктерді бағындырған тегеурінді басшы, тектіліктен тамыр тартқан парасатты азамат ретінде құрметтейміз әрі жоғары бағалаймыз.

✅ Сіз 1983 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтын (бүгінгі KazNARU) үздік бітіріп, еңбек жолыңызды В.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ҒЗИ-да қатардағы лаборанттықтан бастап, директордың орынбасары, 1997 жылы А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ҒЗИ директорлығына дейін өстіңіз. Бұдан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Министрі лауазымдарында саяси тұрғыда шыңдалдыңыз, бойыңыздағы тұлғалық қасиеттеріңіз, өмірде жинақтаған іс-тәжірибелеріңізді агросаланы дамытуға арнап, ел күткен абырой биігінен көріндіңіз.

✅ С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма төрағасы ретінде білікті де, сапалы мамандар кадрлар даярлау ісіне басшылық жасадыңыз, оқу ордасын әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне трансформациялауды сәтті жүзеге асырдыңыз, екі мәрте «Үздік ректор» атандыңыз.

✅ ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің Хатшылығын басқарған жылдары елдік мүддені бірінші орынға қойып, ең белсенді, ең батыл сенатор ретінде халықтың есінде қалдыңыз.

✅ Мемлекет басшысының үлкен сеніміне ие болып, 2022 жылдың 1 қарашасынан бері еліміздегі жетекші оқу орнының бірегейі – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне басшылық жасап келесіз. Қысқа мерзімде туған университетіміздің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртып, заман талабына сай білім мен ғылымның, өндірістің интеграциялануын жолға қойдыңыз. Осы аралықта KazNARU 4 халықаралық және ұлттық рейтингте лайықты орындарға ие болды. Соның ішінде, Орталық Азиялық жоғары оқу орындары арасында 6-орын, еліміздегі ең үздік 5-тің қатарынан көрінді. Бұл Сіздің тікелей қажырлы еңбегіңіздің жемісі! Сол еңбегіңіз жоғары бағаланып, 2024 жылы «Республикадағы ең үздік ректор» атандыңыз.

✅ Басшылық қызметпен қатар, Сіз ғылыммен де терең айналысып, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының және Ресей ғылымдары академиясының (РАН) академигі ретінде 200-ден аса жарияланымның, 4 монографияның авторы атанып, барша әріптестеріңізге үлгі көрсетіп келесіз.

✅ 2024 жылғы 22 қаңтарда Мемлекет басшысының шешімімен ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті болып тағайындалуыңыз университетіміз үшін үлкен абырой болды.

✅ Сонымен бірге, республика деңгейіндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, ҚР Президенті жанындағы Ғылым бойынша ұлттық кеңестің мүшесі, «Amanat» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Ұлттық құрылтайдың белсенді мүшесі ретінде руханият, білім беру мен ғылым мәселелерін мемлекеттік деңгейде көтеріп, барлық ортада өз көзқарасыңызды ашық білдіріп жүрсіз.

✅ Отанға, ғылымға сіңірген еңбегіңіз лайықты бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген үкіметтік медальдармен марапатталып, А.И.Бараев атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Алматы облысының Құрметті азаматы атандыңыз. Сіздің ғибратты ғұмырыңыз - кейінгі жас буынға үлкен үлгі-өнеге!

✅ Білім беру мен ғылымды дамытып, үлкен ұжымды ұйымшылдықпен биік межеге бастап келе жатқан Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Өзіңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, қызметіңізге табыстар тілейміз!

Ізгі ниетпен,

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ӘРІПТЕСТЕРІ

---------Chatbot---------
виртуальный помощник