KazNARU СТУДЕНТТЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АТАНДЫ
2025 жылдың 18 сәуірінде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Жалпы медицина» мектебі студенттері арасында халықаралық пәндік студенттік олимпиада табысты ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді.
Олимпиада бәсекесіне С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ, Абу Али Ибн Сино атындағы Бұхара мемлекеттік медицина университеті, Астана медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті секілді салалық озық оқу орындарының студенттері қатысты.
Сонымен қатар, өзге саладғы 10 ЖОО арасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің дарынды студенттері бұл сайыста өз білімдерін сынап, оқу ордамыздың абыройын асқақтатты.
Олимпиада 7 секцияны қамтыды және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде екі кезеңде өткізілді:
Бірінші айналым – тест тапсырмалары;
Екінші айналым – ситуациялық тапсырмаларды шешу.
Ситуациялық тапсырмалар үш негізгі сұрақтан тұрады, әрқайсысы терең ғылыми талдауды талап етті. Сонымен қатар, қатысушылар виртуалды зертханада нақты практикалық дағдыларды орындау арқылы өз білімдерін іс жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік алды. Бұл кезеңде студенттердің тапқырлығы, шығармашылық ойлау қабілеті мен сыни тұрғыдан талдау жасау машықтары жан-жақты бағаланды.
Осы зияткерлік додада біздің университетіміздің 6В09101 – "Ветеринариялық медицина" БББ білім алушылары "Микробиология, вирусология, паразитология" секциясына қатысып, жүлделі III орын иеленді.
Студенттеріміз Марат Ғасыржан, Газаева Махаббат, Даниярбекұлы Нұрасыл – "Микробиология, вирусология және иммунология" кафедрасының жанындағы "Бактериолог" ғылыми үйірмесінің белсенді мүшелері, оқу-танымдық және ғылыми-зерттеу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жүрген ізденімпаз жастар.
Жеңімпаздар Диплом, кубок және арнайы сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар, ғылыми жетекшілері – кафедра меңгерушісі, в.ғ.д., профессор Киркимбаева Ж.С. және PhD, аға оқытушы Жылқайдар А.Ж. ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттарға ие болды.
Жүлдегер мен олардың ұстаздарын мерейлі жетістіктерімен құттықтаймыз және алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз!
KazNARU Баспасөз қызметі