«KazNARU-ға kettik! – Kettik в KazNARU!»
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық Орталығының ұсынысымен оқу ордасының факультеттері мен кафедраларының және ғылыми орталықтарының ерекшеліктерін түсіндіру, ондағы инновациялық жаңалықтар мен жетістіктерден қоғамды хабардар ету мақсатында «KazNARU-ға kettik! – Kettik в KazNARU!» атты виртуалды 3D турымызды бастаймыз.
Орталықтың негізгі мақсаты студенттерді тағам шикізаты мен азық-түлік өнімдерін зерттеудің заманауи стандартты әдістерін қолдана отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге кеңінен тарту болып табылады. Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық Орталығына т.ғ.д., қауымдастырылған профессор Бибіпатыма Ертайқызы Еренова жетекшілік етеді.
Виртуалды тур аясында Орталықтың маман-технологтары Кауменова Альбина Ержанқызы, Әжібаева Гүлдәурен Айтқалейқызы, Әуесханов Бағлан Бахитжанұлы химиялық құрамы теңдестірілген ет, сүт және нан-тоқаш өнімдерінің тиімді технологиясын үйрету мақсатында шеберлік сағатын өткізді.
Орталықтың негізгі міндеттері тағам шикізаты мен азық-түлік өнімдерінің технологиясын, сапасы мен қауіпсіздігін оқыту, жануар және өсімдік тектес ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеудің инновациялық технологияларын әзірлеу, тағам өнімдерінің қолданыстағы технологияларын дамытуға жәрдемдесу, тағам және қайта өңдеу өнеркәсібінің заманауи технологияларының әзірленуін қамтамасыз ету, сондай-ақ ұн, қамыр, нан-тоқаш өнімдерінің физика-химиялық және реологиялық қасиеттерін, сүт және сүт өнімдерінің физика-химиялық қасиеттерін зерттеу болып табылады.
Орталықтың «Азық-түлік өнімдерінің физикалық-химиялық қасиеттерін және топырақтың, судың және шикізаттың экологиялық сапасын талдау» зертханасының қызметі ұн, қамыр, нан және нан-тоқаш өнімдерінің физика- химиялық және реологиялық көрсеткіштерін; сүт және сүт өнімдерінің физикалық-химиялық көрсеткіштерін анықтауға бағытталған.
«Тағам өнімдерінің технологиясы» зертханасының құрылымын нан-тоқаш өнімдерін өндіретін, ет және сүтті қайта өңдейтін оқу-өндірістік шағын цехтар құрайды.
Нан-тоқаш өнімдерін өндіретін оқу-өндірістік шағын цехта студенттер теориялық оқыту үдерісінде және кәсіптік тәжірибе түрлерін өту барысында толыққанды білім алады және тәжірибелік жұмыс дағдыларын меңгереді, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдердің жаңа рецептуралары мен технологияларын әзірлеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи технологиялық жабдықтарда технологиялық үдерістердің режимдері мен параметрлерін тәжірибе жүзінде пысықтайды.
Етті қайта өңдеу бойынша оқу-өндірістік шағын цехта студенттер дәстүрлі технологияны қолдана отырып, ет өнімдерін өндірудің толық технологиялық циклімен танысуға, теориялық және тәжірибелік оқыту барысында шұжық, дәмді ет өнімдерін, жалпы және арнайы мақсаттағы жартылай фабрикаттарды өндірудің жаңа технологияларын меңгеруге, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ет өнімдерінің жаңа рецептураларын әзірлеуге мүмкіндік алады.
Сүтті қайта өңдеу бойынша оқу-өндірістік шағын цехта студенттер сүт өнімдерінің дәстүрлі және жаңа түрлерін: кілегей, йогурттар, сүзбе, ірімшіктер, май, түрлі ассортиментті және рецептуралы балмұздақ, оның ішінде ұлттық сүтқышқылды өнімдерін өндірудің технологиялық үдерістерінің режимдері мен параметрлерін теориялық оқыту үдерісінде, түрлі кәсіптік тәжірибелерден өту және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде пысықтайды.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және сақтау, сондай-ақ сапалы, қолжетімді және бәсекеге қабілетті азық-түлік өнімдерін өндіру Қазақстан Республикасының экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал ететін еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі агроөнеркәсіптік кешеннің басым міндеттерінің бірі болып табылады.
Қазақстан халқының денсаулығын сақтау мәселесі қазіргі уақытта функционалдық өнімдерді жасау қажеттілігімен байланысты, оларды жүйелі түрде қолдану тек ағзадағы физиологиялық үдерістерді ғана емес, сонымен қатар оның жалпы жағдайын жақсартады. Әсіресе денсаулық жағдайы күнделікті диетаны түзетуді қажет ететін тұтынушылар топтары үшін функционалды өнімдерді әзірлеу маңызды болмақ.
Тағам өнеркәсібі табысты табыс көзі болып табылады. Ал бұл көпбейінді салаға өз ісін жетік меңгерген жоғары білікті мамандар қажет.
Құрметті жас түлектер!
Агроөнеркәсіп кешеніндегі ең сұранысқа ие мамандықты таңдау арқылы Сіз өз болашағыңызды анықтайсыз!
Болашақ мамандығыңызды дұрыс таңдауыңызға тілектеспіз!
Сіздерді Қазақстандағы ең мықты ұлттық аграрлық зерттеу университетінде күтеміз!
KazNARU Баспасөз қызметі