KazNARU

АЛҒЫС АЙТУ – ІЗГІ ТІЛЕКТЕРМЕН ҰШТАСЫП ЖАТҚАН ИГІ ДӘСТҮР

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаев өз әріптестерін – проректорлар мен факультет декандарын, кафедра меңгерушілерін, профессор-оқытушылар құрамы мен барша қызметкерлерді Алғыс айту күнімен құттықтады.

Алғыс айту күні елімізде 2016 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Бұл күн, ең алдымен тыныштық пен үндестіктің, өзара сенімділік пен адамдардың бір-біріне деген құрметі мен ізгі сыйластығының белгісі. Осы дәстүрді жалғастырған университет басшысы өз ұжымына ақжарма тілегін білдіріп, әріптестеріне қуаныш, отбасылық бақыт, қызметте жетістіктер тіледі.

Университеттің ең басты мақсаты – студенттердің жан-жақты заманауи, терең білім алуына барынша жағдай жасау екендігі белгілі. Ал, білім беру сапасын заманауи талаптарға сай әлемдік алдыңғы қатарлы университеттер деңгейіне көтеру, ең алдымен, бәсекеге қабілетті мықты кадрларға байланысты. ҚазҰАЗУ-де ондай білікті кадрлар шоғыры жеткілікті. Нарық талабына сәйкес, жыл басында өткізілген конкурстық негізде білімі мен тәжірибесі мол оқытушылар, жас мамандар легі іріктеліп алынды. Нәтижесінде факультет декандары мен кафедра меңгерушілерінің 70% пайызы жаңарды.

«Бізде қазіргі таңда ұжымдағы моральдық-психологиялық атмосфераны және өзара сенімге негізделген әріптестікті қадірлейтін жаңа команда қалыптасты. Сіздермен бірге біз аз ғана уақыт ішінде білім беру үрдістерін жаңғырту, ғылымды дамыту, шәкірттер тәрбиелеу бағытында айтарлықтай нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Ең бастысы, студенттеріміздің тұрмыстық жағдайына баса көңіл бөлудеміз. Үнемделген ішкі қаржы есебінен жуырда жатақханаларға 176 мұздатқыш орнаттық. Жақын күндері тағы да 265 данасын жеткізбекпіз. Сонымен қатар, жатақханаларды кезекпен жөндеу жұмыстарын бастағалы отырмыз. Ойға алған шаруаларымыз көп. Осындай ортақ істерге белсенділікпен қолдау көрсеткен қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға үлкен алғыс білдіремін!», - деді университет басшысы Ақылбек Қажығұлұлы.

 

Бұдан кейін сөз алған Ветеринария факультетінің деканы Гүлмира Жаңабекова, Бизнес және құқық жоғары мектебінің деканы Динара Ажинурина, Инженерлік - техникалық факультетінің деканы Ләззат Алдибаева және т.б. оқытушы ғалымдар өздерінің пікір-ұсыныстарын білдіріп, университетте соңғы уақытта басқару жүйесінде, оқу процестерінде, білім алушылардың әлеуметтік тұрмыстарында үлкен өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті.

 

– Құрметті әріптестер, мен осы университетте конкурспен жаңадан тағайындалған декандардың ең жасымын. «Сырт көз сыншы» дейді халық. Басқа оқу орнынан келгендіктен, ҚазҰАЗУ базасындағы жаңғыруларды бірден аңғардым. Біріншіден, университет басшылығының ұсынысымен кафедра меңгерушілері мен факультет декандарының еңбекақысы айтарлықтай

көтерілді. Екіншіден, оқу ғимараттары мен студенттік жатақханалардағы материалдық-техникалық базаны жақсарту жұмыстарының жанданғанын көріп отырмыз.

 

 

Сондай-ақ, білім беру ордасындағы жемқорлық көріністеріне қарсы аяусыз күрес ашуды оқытушылар да, барша студенттер де қолдауда. Жаңа Қазақстан құруды әркім осылай өзі қызмет істейтін шаңырағынан бастауы тиіс деп ойлаймын. Осы жарқын істердің бастамашысы болып жүрген ректорымыз, қоғам және мемлекет қайраткері, академик Ақылбек Қажығұлұлының бастамаларын қолдай отырып, ұжым атынан алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер! - деді Бизнес және құқық жоғары мектебінің деканы Динара Ажинурина.

Үлкен-кішінің жасына, қызметіне қарамастан, бір-біріне алғыс айтуы – бұл тұтас қоғамның өміріне ерекше әсер ететін, келешегіміз кемел, болашағымыз нұрлы болсын деген ізгі тілектермен ұштасып жатқан игі дәстүр екені анық.

Сол дәстүр аясындағы ақ тілектеріміз бен ортақ жетістіктеріміз жалғасын таба берсін!

 

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник