ИЗРАИЛЬ АГРАРЛЫҚ САЛАДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРУГЕ КӨМЕКТЕСПЕК
2022 жылғы 20 желтоқсанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректорының м.а., ҚР ҰҒА академигі, профессор Ақылбек Күрішбаев Тель-Авивтің бұрынғы мэрі, "Израиль-Қазақстан" Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаэль Роэмен кездесті.
Тараптар ҚазҰАЗУ мен Израильдің аграрлық саладағы жетекші университеттері, ғылыми орталықтары мен өндірістік кәсіпорындары арасындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Михаэль Роэ Израильдегі агроөнеркәсіптік секторды дамытудың басым бағыттарын таныстыра келіп, бұл саланы мемлекет тарапынан қолдау мен инвестициялық тартымдылық шараларын күшейту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Израиль жерінің шамамен 60%-ы шөлейтті аймақ. Сондықтан, жергілікті үкімет аграрлық секторда ғылыми жобаларды іске асыруға ықпал ететін қуатты "АгроЭкско" ұйымын құрды. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шөлді алқаптарда қияр мен қызанақтан бастап, картоп, пияз, басқа да жемістерге дейін барлығы өсіріледі.
Өз кезегінде университет басшысы Ақылбек Күрішбаев израильдік компаниялар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарын бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға және ауыл шаруашылығында ғылыми зерттеулер жүргізуге шақырды.
1) ҚазҰАЗУ басшылығы Алматы облысындағы ҒЗИ базасының бірінде Израиль технологиясы бойынша супер инновациялық ғылыми-өндірістік орталық ұйымдастыруды ұсынды.
2) Израильдің жетекші жоғары оқу орындарының қатысуымен ҚазҰАЗУ-да су шаруашылығы бойынша білікті мамандар даярлайтын бірлескен жобаны іске асыру ұсынылды.
3) Сондай-ақ, тараптар Экстеншн бағдарламасы бойынша фермерлер үшін білім тарату жүйесін дамытуға уағдаласты. Бұл орталық заманауи ғылыми бағдарламалар мен жаңа технологияларды өндіріске енгізу арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға ықпал етеді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.