KazNARU

ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАҢА БИІКТЕРДЕН КӨРІНЕ БЕРЕЙІК!

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұжымы барыс жылын шығарып салып, 2023-ші Жаңа Жылды мерекелік көңіл-күймен қарсы алу кешін өткізді. Әрбір адам ескі жылды ұзатып тұрып, Жаңа жылдан жүрек жылытар жақсылықтар күтеді, жаңа уақыттың табалдырығынан ақ көңілмен аттағанды қалайды. Бір ұжымда қызмет жасайтын үлкен-кіші әріптестер де осы мерекеде бір-біріне ізгі ниеттерін арнап, әр шаңыраққа бақ-береке, шаттық, жарқын өзгерістер тілейді. Бұл – өмір заңдылығы!

Кештің беташар сөзін ашқан ҚазҰАЗУ-дың Басқарма төрағасы - ректор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы өз сөзінде биылғы өтіп бара жатқан жыл барша еліміз үшін сынағы да, шуағы да мол күндерімен есте қалғанын атап өтті.

«Қыдыр дарып, бақ қонған еңселі еліміз бен дархан халқымыз жыл басындағы Қаңтар сынағынан аман-есен өтіп, тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жете түсінді. Барыс жылының соңы жақсылықтарға ұласып жатыр. Бүкіл халықтың қолдауымен жуырда Президентімізді 7 жылға сайлап, Әділетті Қазақстан құруды бастадық. Ел басқарған басшымыз біреу, халқымыз тіреу болып, жақсы ниеттеріміз жүзеге ассын деп тілейміз! Жас мемлекетіміздің экономикасының, білімі мен ғылымының, өнері мен мәдениетінің дамуына Сіздер де сүбелі үлес қосып келесіздер. Қоян жылы еңбектеріңіз еселеніп, ой-мақсаттармыз бен тілектеріміз орындалатын, қызықты сәттері мен жетістіктері мол болатын ақжарма жыл болсын!» - деп Ақылбек Қажығұлұлы жылы лебізін білдірді.

Бұдан кейін қара шаңырақтың байырғы ұстаздары – ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Асанов Нығмет Гатауұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Омбаев Әбдірахман Молданазарұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Мамбетов Бұлқайыр Тасқайырұлы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мизамбекова Салима  Каспийқызы, техника ғылымдарының докторы, профессор Рябцев Анатолий Дмитрийұлы, қауымдастырылған профессор Қырғызбаева Бибінұр Жамалқызы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының доктары, профессор Атақұлов Тастанбек Атақұлұлы, техника ғылымдарының докторы, профессор Жүнісбеков Полатбек Жамалұлы, аға оқытушы Сансызбаев Қазыбек Көшенұлы сынды ғылым мен білімнің ардагерлері университеттің өсіп-өркендеу бағытындағы оң жетістіктеріне ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Әр мемлекеттің өркениеті – оның білімі мен ғылымының дамуына байланысты. Ардагер ұстаздар атап өткендей, ҚазҰАЗУ биылғы жылды табысты аяқтап – QS Asia University Rankings 2023 Central Asia рейтингісінде 5 орынды иеленді. Бұл көрсеткіш – университетіміздің бәсекеге қабілеттілігі мен интеллектуальдық әлеуетінің жүйелі дамып келе жатқанының жарқын көрінісі.

Сондай-ақ, университет ғалымдарының күшімен биыл Алматының экономикалық - әлеуметтік дамуына тиімді ықпал жасайтын 30-дан астам ғылыми - инновациялық жобалар ұсынылды. Қала басшылығы оларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Алдағы уақытта әкімдік мен университет арасында ынтымақтастықты одан ары дамыту мақсатында бірлескен Меморандумға қол қою жоспарланып отыр.

Одан басқа да жоспарланған маңызды іс-шаралар ауқымы өте кең. ҚазҰАЗУ-дың басты мақсаты – білім мен ғылымды, өндірісті интеграциялау, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық жобаларға қатысу арқылы бәсекеге қабілетті жоғары білікті кадрлары даярлау болып табылады.

«Той тойлаумен қатар, осылайша ой ойлауды да ұмытпайық» деген сөйлеушілер өзге жұртпен ой жарыстырып, отандық білім мен ғылымды дамытуға күш салуға шақырды Оған университетіміздің күш-қуаты жеткілікті. Келешекте де елімізді, ауылды өркендететін білікті кадрларды дайындаудың басы-қасында өздеріңізбен бірге қызмет жасай береміз деп сенеміз. Міне, Жаңа жылымызды жаңа басшылықпен, жаңа өзгерістермен қарсы алып отырмыз. Кафедраларымыз ірілендіріліп жатыр. Айлық еңбекақымыз өсіп, бәріміз қуанудамыз. Қымбатшылық өкпеден қысқан заманда, бұл деген біздерге үлкен қолдау болды. Бұрын бөтен біреулер пайдаланылып келген аудиторияларымыз өзімізге қайтарылды. Оқу класстарын қажетті жиһазбен және жабдықтармен жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Университеттің білім беру базасын тиімді пайдалану нәтижесінде оқытушылар мен студенттерге жаңа жылдан бастап, 5 күндік жұмыс күніне көшуге мүмкіндік беріп отыр.

«Осы істердің басы-қасында жүрген басшымыз Ақылбек Қажығұлұлы мен университет ұжымына Жаңа жылда жаңа биіктіктер мен табыстар тілеймін!», - деді  профессор Нығмет Асанов.

Ресми құттықтаудың соңы қазақ эстрадасының белгілі өкілдерінің қатысуымен және университеттің жас ұстаздарының күшімен ұйымдастырылған көңілді ән-күй мен биге ұласты. Аяз Ата мен Ақшақар сұлудың әкелген сый-сияпаттары кеш қонақтарын қуанышқа бөледі.

 

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.
Фото М.Ботабеков

---------Chatbot---------
виртуальный помощник