ҚазҰАЗУ студенттеріне Батыс Еуропа мен Ұлыбритания елдерінде тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі
2023 жылғы 1 ақпанда ҚазҰАЗУ басшылығы мен Халықаралық ақпарат орталығының (IIC Ukraine) директоры Максим Никановпен онлайн кездесуі болып өтті. Кездесу басында университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Айнұр Қайырбаева бұл кездесудің маңыздылығын атап өтіп, қонақты жиналғандарға таныстырды.
Максим Никановтың айтуы бойынша, Халықаралық ақпарат орталығы (IIC Ukraine) 1999 жылы ауылшаруашылық және техникалық оқу орындарының студенттері мен түлектеріне шетелдегі аграрлық және құрылыс кәсіпорындарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру үшін құрылған.
«Біздің қызметіміз барысында 6 мыңнан астам студенттер, түлектер мен жас мамандар Еуропаның, Солтүстік Американың, Австралияның және Жаңа Зеландияның түрлі фермаларында тағылымдамадан өтті», - деді ол өз сөзінде.
IIC Ukraine халықаралық ақпарат орталығы, сонымен қатар, Concordia UK маусымдық жұмыс жүйесі операторының ресми агенті және GLAA агенттігінің тиісті лицензиясының иегері болып табылады.
Кездесу барысында тараптар Батыс Еуропа мен Ұлыбритания елдерінде қазақстандық студенттердің тағылымдамасын ұйымдастыру туралы мәселелерді талқылады.
Тараптар студенттердің тағылымдамадан өту ұйымдары бойынша шарт жасасу туралы уағдаласты.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.
Фото М.Ботабеков