ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ ҰЖЫМЫ ЖАҢА ӘДІЛЕТТІ ОҚУ ОРДАСЫН ҚҰРУДА
2023 жылдың 31 наурызындаҚазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген Ғылыми кеңесі болып өтті. Онда университеттегі білім беру, ғылым саласындағы өзекті мәселелер ортаға салынып, алда атқарылар маңызды істердің басымдықтары мен оларды шешу жолдары нақтыланды.
Университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі атқарушы директоры э.ғ.к., профессор Айнұр Қайырбаева өз баяндамасында оқу үдерісіндегі ауқымды істерді ортаға сала отырып, кеткен кемшіліктерді болдырмау бағытында атқарылып жатқан іс-шараларды атап өтті.
Біздің оқу ордасының түпкі мақсаты – жемқорлықсыз әділетті университет құру екені, оқу процессінде бірқатар заң бұзушылықтардың бой көрсеткені, сыбайлас жемқорлық бойынша фактілердің анықталғаны жиында ашық талқыға түсті. Дер кезінде тұсау салынбаса, бұл дерттің салқыны білім сапасының төмендеуіне тікелей әсер ететіндігі анық. Сол себептен, оқу процессіндегі құқық бұзушыларды қатаң тәртіпке шақыру үшін жауапты тұлғаларға тапсырма берілді.
Оқытушылардың ең үлкен міндеті – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру. «Ел боламын десең бесігінді түзе» деп бекер айтылмаған.
Өкінішке орай, оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыруда белең алған деректер де аз емес. Мысалы: биыл 165 бітіруші түлегіміз мойнында игерілмеген кредиттері, академиялық қарыздары бар болғандықтан, қорытынды аттестацияға жіберілмейді.
«Жаңа заман талабына сай оқу үдерісін қадағалайтын “Platonus” автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің уақтылы, дер кезінде дұрыс пайдаланылмайтыны анықталды. Яғни, электрондық журналды уақытында рәсімдемегендері үшін 29 профессор-оқытушыға сөгіс жарияланған. Сонымен қатар, жоспарланған оқулықтар мен оқу-құралдарын жариялауға тиісті – 35 ПОҚ өз міндеттерін уақтылы орындамаған. Соңғы жылдары университетіміздің қоғам алдында жаппай сынға түсуі – осы жіберілген кемшіліктердің салдары», - деді өз сөзінде Айнұр Елтайқызы.
Сапаға қол жеткізудің тікелей жолы – әділеттілік!
Университеттің оқу үдерісінде «Platonus» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жетілдіру мақсатында бірнеше модулдерді қолданысқа енгізу арқылы білім алушыларымыз бен профессор оқытушылар құрамына қолайлы жағдай жасай отырып, сапаға қол жеткізетіндігіміз анық.
Атап айтқанда, мынандай модулдер:
1. "Тапсырмалар";
2. "Ағымды және апталық үлгерім журналы";
3. "ПОҚ педагогикалық жүктемелері";
4. "Жазбаша жұмыстарды тексеру";
5. АЭРО Прокторинг;
6. "Бұйрықтар";
7. "Жазбаша жұмыстарды тексеру" мен "Бітіруші түлектердің жұмыстарын бақылау" модулдерін интеграциялау;
8. "StrikePlagiarism" жүйесі мен "Бітіруші түлектердің жұмыстарын бақылауды" интеграциялау.
Автоматтандырылған оқу кестесі (АВТОРАСПИСАНИЕ) іске қосылу нәтижесінде, білім алушылардың өздері сабақ кестелерін құруға қол жеткізетін болады.
Барлық білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмыстары жүргізілу процесінде.
Университет Ректоры Ақылбек Күрішбаев алдағы сәуір айының 19-23 аралығында AgroParisTech (Франция) ауылшаруашылық университетінен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында арнайы делегация келетіндігін жеткізді.
«Іс-сапар шеңберінде университет қызметімен танысу және қолданыстағы оқу бағдарламаларындағы фундаментальды – математика, физика, информатика, биология және химия пәндерінің оқу-әдістемелік, құрылымдық және силлабустардың мазмұнына талдау жасалынып, әрі қарай бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлау аясын кеңейту, қос дипломдық бағытта жұмыстар жалғасатын болады», - деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы.
Сонымен қатар, заман талабына сай, университеттің болашақ мамандарды дайындауда кәсіби практиканы ұйымдастыру мен дуалдық оқытуды іске асыру үшін келісімшарт негізінде 756 практика базалары іске асырылуда. Ірі практика базаларынң қатарына аграрлық саладағы 7 Ғылыми зерттеу институты мен 352 кәсіпорыны қосылатыны кеңеске қатысушыларды өте қуантты.
2023-2024 оқу жылында Coursera Халықаралық платформасына көшу арқылы білім алушыларымыз үшін әлемдік деңгейдегі ғалымдардың дәрістерін тыңдауға, білімдерін жетілдіруге мүмкіндіктер жасалмақ.
Интерактивті технологияларды жеткілікті қолдану мақсатында университет бюджетінің есебінен 77 млн. теңгеге интерактивті тақталар мен проекторларға мемлекеттік тапсырыс берілгендігі оқу орнында тың қадамдардың нақты жүзеге асырыла бастағандығын көрсетеді.
Профессор-оқытушылар құрамының пікірінше, белгіленген көп іс-жоспар бүгінде көз бояушылықтан арылып, нағыз іске ұласып жатыр. 20 жылдан астам уақыт тек мақтау мен жалған сөздерден жауыр болған құлаққа
зерттелген, терең талдау жасалынған сын түріндегі мәліметтер ұсынылып, әлі де шешімін табар талай күрделі мәселелер бар екендігі ортаға ашық салынды.
Жаңа Қазақстанның лебі біздің университетімізде сезіліп жатқандығы, тіпті Ғылыми Кеңесті өткізудің өзінде де ерекшелік бар екендігі, саналыға ой салған мазмұнды жиналыс болғандығы атап айтылып, ең бастысы, Ақылдастар алқасы мен профессор-оқытушылар құрамы және ұжымы университет басшысы Ақылбек Күрішбаевтың жаңа ауқымды бастамаларына толықтай қолдау білдірді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.
Фото М.Ботабеков