АБАЙ: «БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ – ТАЛАПТЫҒА БОЛСЫН КЕЗ»
Бүгін алаштың ұлы ақыны, әлемдік деңгейдегі кемеңгер ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Қазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесіне енген ерекше қастерлі күн.
Ғұлама Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті рухани қазынасы. Ұлы ақынның ғасырлар қойнауынан күмбірлеген үні адамгершілік, ізгілік, парасаттылық, еңбексүйгіштік пен білімге шақырып, қазақ аспанында жаңғыра бермек.
Бүгін бүкіл еліміз бойынша хакім Абайды ұлықтау рәсімі жан-жақты өтіп жатыр. Тәрбиелік мәні зор, сондай айшықты мәдени іс-шара Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қалалық мәслихаты, қалалық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен жылдағы дәстүр бойынша Абай ескерткішінің алдында да болып өтті.
Өнер мен поэзияны жоғары бағалайтын алматылықтармен бірге Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оқытушылары мен қызметкерлері де Абай рухына тағзым етіп, салтанатты іс-шараға белсене қатысты.
Руханиятымыздың мәңгілік шамшырағы Абай күні құтты болсын!
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі