KazNARU

ҚазҰАЗУ БАЗАСЫНДА ҚЫТАЙДЫҢ СУ ҮНЕМДЕУ ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫ ПАЙДАЛАНЫЛАТЫН ДЕМОНСТРАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОПАРК ҚҰРЫЛАДЫ

2023 жылғы 31 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің Топырақтану және суды сақтау иниститутының ғалымдары келіп, университет басшылығымен, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. 
Делегация құрамында NWA&F University ғылыми қызметкері, Топырақтану және Суды сақтау иниститутының директоры Фэн Хао, директордың ғылым және технология жөніндегі орынбасары Чжан Тибинь, кіші ғылыми қызметкер Донг Цинге және жас ғалымдар Чэн Юй, Ян Чао, Цюй Цзяюэ болды. 

ҚазҰАЗУ тарапынан оқу орнының басшылығы, Су Хабының директоры, «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің деканы мен өкілдері қатысты.

✅  Бұл кездесу екі ЖОО арасында екінші рет болып отырғанын ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов өз сөзінде айтып өтті.
«Профессор Фың Хау мырза, Сізді тағы да көргенімізге қуаныштымыз! Жақында, 16 қазанда сіздердің NWA&F University проректоры  Ви Гэхонг бастаған делегациямен кездесуде біз екі университеттиің су үнемдеу бойынша бірлесіп жұмыс атқару туралы ойымызды ортаға салғанбыз. Міне, бүгін сол келісім бойынша тағы да жүздесіп отырмыз. Су мәселесі Қазақстанда қазіргі таңда өте күрделі мәселеге айналып отыр. Үкіметтің тапсырмасы бойынша біздің университетте Су зерттеу орталығы құрылуда.  Енді соның аясын кеңейтіп, алдағы уақытта NWA&F University мен Тияньйе компаниясымен бірлесе ҚазҰАЗУ жанынан «Су үнемдеудегі Демонстрациялық технопаркын» құруды ұсынамыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅  Бүгінде еліміздің оңтүстік өңірінде су мәселесі, оның ішінде суды үнемдеу маңызды мәселеге айналды. Қазақстандағы 23 үлкен өзеннің барлығы шетелден қосылады. Қытай елінен Ертіс пен Іле өзені келіп құяды. Ғалымдардың пайымдауынша, тек бір Іле өзенінің тартылу себебінен республикамыздағы суармалы егістік аймағы 1 миллион гектар жерге азайып кеткен. Сондықтан, су үнемдеу бойынша мол тәжірибеге ие Қытайдағы ғылыми ұйымдар, университеттер, су үнемдеу құрылғыларын жасайтын компаниялармен тығыз ынтымақтастық жасау жолдары күн тәртібінде тұр.

✅  Өз кезегінде NWA&F University Топырақтану және Суды сақтау иниститутының директоры Фэн Хао бұл ұсынысты қолдайтындарын білдіріп, осында Қытайдың су үнемдеу құрылғыларын жасайтын ең үлкен Шыңжаң  Тяньйе компаниясының өкілдері келіп отырғанына тоқталды. 

«Су үнемдеу мәселесінде әр елдің, әр жердің өзіндік ерекшелігі болады. Сондықтан біз сіздерде Технопаркті құруға мүдделіміз және ол құрылған соң ғалымдарымыздың бірлесе жұмыс жасауын қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін ісімізді Қазақстан аумағына сай келетін су үнемдеу жобасын жасаудан бастауымыз керек деп есептейміз», - деді Фэн Хао.

✅ Тараптар су саласындағы инновацияларды бірлесе пайдалану, мамандар мен ғалымдардың тәжірибе алмасуы, су ресурстары бойынша бірлескен жұмыс жоспарын қабылдауға дайын екендіктерін білдірді.

Қонақтар кездесу барысында ҚазҰАЗУ-дың инфрақұрылым жүйесімен, Су Хабының қызметімен танысып, жоғары деңгейде қабылдау ұйымдастырғаны үшін университет басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник