KazNARU

ҚазҰАЗУ ҒАЛЫМДАРЫ АЛМАТЫ ОРМАНДАРЫН САҚТАУ БОЙЫНША ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРГІЗЕДІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Алматы қаласының әкімдігі арасында жасыл желектерді күтіп-баптаудың төрт бағыты бойынша ғылыми негізде зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

✅ Алматы ежелден бірегей жасыл желектерімен, суының тазалығымен, таудың салқын самалымен және әсем алма бақтарымен танымал қала. Бүгінде ол еліміздің мәдени, туристік, іскерлік белсенділігінің орталығы болып табылады және үнемі жаңғыру үстінде. Алайда, соңғы жылдары Алматы өзінің жасыл келбетін ғана емес, сонымен қатар тіршілік ету ортасының сапасын да тез жоғалтуда. Жолдарды кеңейту, ойын-сауық орталықтарын ұйымдастыру, нүктелік құрылыстар және т.б. мақсаттардың кесірінен ағаштар мен бұталар, көгалдар мен гүлзарлар жойылуда.

Ғалымдардың ғылыми зерттеулері бойынша бүгінде қала халқының экологиялық әл-ауқаты мәселелері бірінші орынға шығады. Қоршаған ортаның қарқынды ластануы жағдайында жасыл кеңістіктің рөлі айтарлықтай өсті. Олар эстетикалық ғана емес, сонымен қатар санитарлық-гигиеналық функцияларын (ауаны тазарту, газ бен шаң бөлшектерін сіңіру, микроклиматты жұмсарту, көше шуының деңгейін төмендету және т.б.) қызметін атқарады.

✅ ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті Ақылбек Күрішбаев бұл туралы айта келіп: «Осы факторлардың барлығын ескере отырып, біз ағаштардың қазіргі жай - күйін есепке алу және бағалау, орман питомнигін құру, «Медеу» табиғи паркін басқару жоспарын әзірлеу және «Баум тоғайының» ландшафттарының эстетикалық тартымдылығын арттыру сияқты бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейтіп, Алматы ормандарын бірлесіп басқаруға үлес қосуға келістік», - деп атап өтті.

✅ Бұл идеяны Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қолдады. «Медеу» табиғи паркін басқарудың бес жылдық жоспары табиғи парктің табиғатты қорғау, ғылыми, туристік-рекреациялық және экологиялық-ағарту қызметін жүйелеуге мүмкіндік береді.

Алматы қаласында орналасқан «Баум тоғайы» мемлекеттік табиғат ескерткіші бірегей табиғи орман кешені (ірі орман жасыл алқабы) болып табылады және ғылыми-танымдық және өлкетану туризмін дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Мұнда ағаштардың 49 түрі өседі, оның 7 түрі қылқанды, ал 42 жапырақты болып табылады. Жапырақты түрлердің 8 түрі жұмсақ жапырақты, 16 қатты жапырақты, 18 жемісті және сәндік ағаш тұқымдастарына жатады. Жоғары шөптесін өсімдіктер түрлерінің саны шамамен 118 түрді құрайды. Ландшафттардың эстетикалық тартымдылығын арттыру мақсатында «Баум тоғайын» қайта құру осы бірегей табиғи ескерткішті басқарудың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

✅ Алматы қаласы әкімдігінің жоспарына сәйкес, қаладағы жыл сайынғы отырғызылатын көшеттер саны 300 мыңнан астамнан асады. Қаланың көшеттерге деген қажеттілігі 60% деңгейінде қамтамасыз етілуін ескере отырып, орман питомнигін құру жұмыстары жүргізілуде.

Іс жүзінде ағаштарды, бұталарды және басқа да тұқымдастарды отырғызумен жұмыстар бітпейді. Көшеттердің көпшілігінің тамыр алмауы, яғни құрғап қалуы себепті оларды ұзағырақ баптап, өсіруге тура келеді. Осыған байланысты Алматы қаласындағы ағаштардың жай-күйін зерттеу және бағалау мәселесі аса өзекті болып отыр. Жасыл желектердің жай-күйін саралау жасыл желектер нысандарының аумағындағы ағаштардың түр құрамы, мөлшері және экологиялық жай-күйі туралы объективті, шынайы және нақты ақпарат алу үшін қажет.

✅ «Бағалау қорытындысы бойынша көгалдандыру іс-шараларының тиімділігін арттыруға, оның ішінде ағаш түрін таңдау, отырғызу, күтім мен қайта қалпына келтіру жұмыстарын оңтайландырып, қурап қалған немесе зақымдалған жасыл желектерді арылтуға бағытталады. Және ағаштарды есептеу барысында алынған мәліметтер қалалық ормандардың парниктік газдарды сіңіру әлеуетін анықтауға негіз болады», - деп атап өтті «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Талғат Кертешев.

✅ Бүгінгі таңда ҚазҰАЗУ ғалымдарының «Баум тоғайын» қайта құру және «Медеу» табиғи паркін басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі әзірленген бағдарламасы ауқымды жоба болып табылады. Бұл іс-шара білікті маман ғалымдар мен қоғамды кеңінен тартуға мүмкіндік береді.

Алматы ормандарын басқарудың тиімділігін арттыруға, оның ішінде жекелеген объектілердің дендрожоспарын дайындауға бағытталған бұл бағдарлама 2 жыл мерзімге есептелген.

Осы жұмыстарды жүзеге асыруға ҚазҰАЗУ Орман ресурстары кафедрасының ғалым-оқытушылары, докторанттары, магистранттары мен бакалаврлары тікелей ат салысатын болады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник