ҚазҰАЗУ СТУДЕНТТЕРІ МАЛАЙЗИЯНЫҢ ПАХАНГ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ОҚУҒА АТТАНДЫ
2023 жылдың 12 қарашасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультетінің 4-ші курс студенттері Жания Серікова мен Данил Акшимбаев Малайзияның Куантан қаласында орналасқан Паханг университетіне бір жылдық оқуға аттанды.
6В05102 – «Биотехнология» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жүрген олар UMPSA-KazNARU «Bachelor of Applied Science in Biotechnology Industry with Honours» екі дипломдық бағдарламасының күнтізбелік жоспарына сәйкес, өз білімдерін ары қарай Азиядағы озық университеттің бірінде шыңдайтын болады.
Өткен аптада Малайзиядан «Биотехнология» БББ бойынша 4-ші курс студенттері Nicholas Khoo Jyh Shen мен Lim Yeow Hong осы екі дипломдық бағдарламаға сәйкес, ҚазҰАЗУ-дің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасына оқуға келген болатын.
Екі жоғары оқу орнының арасындағы студенттер алмасуы 2022 жылғы ҚазҰАЗУ мен Паханг университеттері «Биотехнология» БББ бойынша бірлесе қабылдаған екі дипломдық бағдарлама негізінде жүзеге асырыла бастады.
Қазақстан сияқты Малайзия да Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі болып табылады. Ыстық ылғалды климат әртүрлі дақылдарды каучуктік өсімдіктер, пальмалар (май алу үшін), күріш және тропикалық жемістер: какао, кокос, банан, ананас өсіруге үлкен мүмкіндік береді. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы ұлттық ЖІӨ-нің 12%-ын құрады.
Халықтың қарқынды өсуі (32 млн. адам) азық-түлік өнімдерін тұтынуды ұлғайту мақсатында жаңаша ғылыми зерттеулер мен техникалық прогресті дамытуды талап етеді. Осыған байланысты Паханг университеті сапалы білім берумен қатар, аграрлық секторға ең заманауи инновациялық технологияларды кеңінен енгізуде шешуші орын алады.
ҚазҰАЗУ студенттері Паханг университетінде осы озық технологияның қыр-сырын үйреніп, болашақта инновациялық жобаларды еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту мақсатына арнайтын білікті маман болып оралатынына сенім мол.
ҚазҰАЗУ басшылығының айтуынша, алдағы уақытта халықаралық ынтмақтастық байланыстар аясында, басқа да шетелдік ЖОО-ларда екі диплом БББ бойынша білім алушылар қатары өсе түспек.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі