KazNARU

ҚазҰАЗУ ҒАЛЫМДАРЫ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНДА УНИВЕРСИТЕТТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢДЕГІ ҚЫЗМЕТІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

2023 жылдың 08 желтоқсанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің кезекті кеңейтілген Ғылыми кеңес отырысы жыл қортындысын бекітіп, алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың бағытын белгіледі.

✅ Ғылыми кеңестің төрағасы, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Вице-президенті, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы университет қызметіндегі жетістіктер мен кемшіліктердің ашық талқылануын және алдағы уақытта оқу ордасын дамыту туралы міндеттерді бірлесе айқындауды ұсынды.

«Биылғы жылдың үлкен жаңалығы – біздің құрылымға 6 бірдей ірі ҒЗИ мен бір тәжірибелік шаруашылық қосылды. Бұл – заманауи зерттеу университетіне көшуіміздің алғышарттарының бірі. Тұңғыш рет оқытудың жаңа форматы – онлайн оқу жүйесі енгізілді. Халықаралық Coursera платформасына көшу арқылы білім алушыларға әлемдік деңгейдегі ғалымдардың дәрістерін тікелей тыңдатуға, білімдерін тереңдетуге мүмкіндіктер жасалынды. Екі дипломдық оқу бағдарламасын жүзеге асыру бағытында әлемнің озық ЖОО-лары – Франциядағы AgroParisTech, Америкадағы Дэвис, Небраска университетері сияқты іргелі оқу ордаларымен келісімшарттарға қол қойылды. Бүгінде біз үшін ұстаздың беделін үнемі арттырып, олардың өнімді жұмыс істеуі үшін тиісті жағдайлар жасау маңызды. Сондықтан, бюджеттік қиындықтарға қарамастан, соңғы 10 айда университет оқытушыларының жалақысы 100 пайызға өсті. Осылайша еңбекақы көлемі бойынша біз еліміздің жетекші университеттерінің деңгейіне жеттік», - деген университет ректоры Ақылбек Күрішбаев ары қарай күн тәртібінде үш мәселе қаралатынын атап өтті.

✅ Бірінші мәселе бойынша университеттің Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары, экономика ғылымының кандидаты, профессор Айнұр Қайырбаева «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің кәсіби бағдар беру жұмысының есебі мен жетілдіру жолдары» атты баяндамасын ұсына отырып, 2023 оқу жылында университетте 1698 білімгер бірінші курста оқып жатқанын жеткізді.

«Оның ішінде, бакалаврға 1542 білім алушы қабылданды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға жоғарылады. Алайда, магистратураға 125 магистрант қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43 пайызға төмен болды. Ауылшаршылық мамандықтары бойынша бөлінген білім беру гранттарының орта есеппен 59%-ы ғана игерілген», - деді Айнұр Елтайқызы.

✅ «Біз қазір осы олқылықтардың болу себептерін анықтап, жергілікті басқару органдары, оның ішінде, облыстық білім басқармаларымен Меморандум жасау арқылы білім алушылар контингентін өсіру бағытындағы бірқатар нақты іс-шаралар ауқымын белгіледік, яғни кәсіби бағдар беру жұмысын жаңа форматта жүргізетін боламыз", - деді сөзінің қортындысында Айнұр Елтайқызы.

✅ ҚазҰАЗУ Тәрбие жұмысы департаментінің директоры Асима Ералиева күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Университеттегі атқарылып жатқан тәрбие жұмыстары туралы» баяндамасында соңғы бір жыл ішінде Әділетті университет құру бағытындағы ауқымды өзгерістер тек білім беру үрдісін ғана емес, әлеуметтік-тәрбие жұмысын да кеңінен қамтығанын атап өтті.

Атқарылған іс-шаралар тізбегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасында, дәстүрлі Жолдауларында айтылған «Адал азамат» қалыптастыру арқылы ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды патриотизмге баулу, жақсылыққа жетелеу, рухани құндылықтарды бойына сіңіру, студенттердің көшбасшылық қасиеттерін дамыту принциптерімен астасып жатыр.

✅ Күн тәртібінде қаралған аса маңызды тақырыптың бірі – «Жоғары оқу орнының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары туралы» Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары Қуат Сұлтанғазиев кең көлемде баяндамасын ұсынып, ҚазҰАЗУ бүгінгі күні заман талаптарына сай жаңа бағытта даму үстінде екенін ортаға салды.

✅ 2023 оқу жылы ғимараттар, жатақханалар, зертханалар, "Ветеринариялық клиника» сияқты т.б. көптеген объектілерді жөндеуге университеттің өз бюджетінен 378 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сырттан қаржы келген жоқ. Мысалы, тұрғын үй қорына қайтарылған № 6 жатақханада ағымдағы жөндеуден кейін 200-ден астам студент тұрып жатыр. №3 жатақханада білім алушыларға арналған 212 төсек-орынды бөлмелер, жас отбасылық магистранттар мен докторанттарға арналған – 18 пәтерлік типтегі бір, екі және үш бөлмелі қызметтік пәтерлер дайындалды. 2024 жылдың аяғына дейін «Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық шарт негізінде 450 орындық жатақхана салынатын болады. 

Осылайша біздің университет Алматыдағы оқу орындарының ішінде өз білім алушыларын 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз еткен жалғыз оқу орны атанды.

✅ Тағы бір айта кететін мәселе, «Байбұлақ» оқу-тәжірибе шаруашылығындағы жатақхана 1,6 гектар жерімен университеттің балансынан шығып кеткен болатын. Қазіргі уақытта осы жылжымайтын мүлік ЖОО иелігіне қайтарылып, жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу қолға алынуда.

Білім алушылар мен қызметкерлердің өтініші бойынша ашылған «Студент» атты әлеуметтік дүкен күнделікті тұтынатын тауарларды 15-20 пайызға төмен бағада ұсынуда. Қазан, қараша айларында нарықтық бағадан төмен 27 тонна картоп, 14 тонна пияз, 8 тонна алма және 2 тонна сұрыпталған ет сатылды. Ендігі кезекте студенттер үшін әлеуметтік аптека ашу мәселесі тұр.
Биылғы 1 қарашадан бастап университеттің барлық қызметкерлеріне кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып, Алматы қаласы ішіндегі қоғамдық көліктерде жүру үшін «Оңай» карталарына ай сайынғы жол-шығындары аударылып отыр. Бұл игілікті жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

✅  Ғылыми кеңес мүшелері атынан пікір білдірген ҚР ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, «Зооинженерия» кафедрасының профессоры Тілеухан Садықұлов, профессор-оқытушылар: Абдукарим Серікбаев, Сағынбай Қалдыбаев, Әділхан Самбетбаев университеттің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жүргізілген жүйелі жұмыстарды жоғары бағалап, өз ризашылықтарын жеткізді.

«Университетімізде соңғы бір жыл ішінде көп жылдар бойы атқарылмаған игілікті жұмыстар жүзеге асты. Профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы екі есе өсті. Оқу ордамыздың материалдық-техникалық базасы нығайып, ғимараттар жөнделді. Жатақханалар мен ғимараттарды жөндеуге бұрын да қырауар қаржы бөлініп келген екен. Өкінішке орай,  біз олардың қайда жұмсалғанын білмейміз. Білетініміз, осындай жаппай жаңғырту соңғы жиырма жылда ешқашан болған емес. Мына қиын заманда жеке инвестор тауып, 150 млн теңгеге Орталық стадионды жаңғырту – университет тарихында алғаш рет болып отыр. Келер жылы 450 орындық жаңа жатақхана салынбақ! Оқу аудиториялары 55 жаңа типті интерактивті тақталармен, заманауи техникалық құралдармен жабдықталды. Студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары сатып алынды. Жеңілдетілген дүкен ашылып, «Алтын дән» асханасы жаңғырып, білім алушы жастарымызды қуантуда. Осының бәрін көріп отырмыз, бұл  жалпылама сөзден нақты іске көшкеніміздің нәтижесі. Біздер, оқытушы ұстаздар, ғалымдар осындай әділетті ұстаныммен көш бастаған университет басшылығының тың қадамдарын қолдаймыз!», - деді академик Тілеухан Садықұлұлы.

✅  Ғылыми кеңестің жұмысын қортындылай келе, кеңес Төрағасы, университет басшысы Ақылбек Күрішбаев талқыланған мәселелер бойынша баяндамашылардың ой-пікірлері мен ұсыныстары ашықтық пен өзара сенімге құрылғанын атап өтіп, университет қызметін одан ары дамыту мақсатында Ғылыми кеңес мүшелері қабылдаған тиісті шешімдерді басшылыққа алуды тапсырды.

«Бұл іс-шарамызды 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткізудің өзіндік мәні зор. Басты мақсатымыз – қоғамға, еліміздің ертеңгі болашағы студент жастарға баға жетпес құндылығымыз, ұлы Тәуелсіздік идеясының қадір-қасиетін ұғындыру. Әділетті Университет құру жолындағы ортақ еңбегіміз баянды, береке-бірлігіміз мықты болсын! Мерекені жақсы көңіл-күймен қарсы алыңыздар», - деді университет басшысы Ақылбек Қажығұлұлы.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі
 

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник