KazNARU

ҚазҰАЗУ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӨЗ СТУДЕНТТЕРІН ЖАТАҚХАНАМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТКЕН ЖАЛҒЫЗ УНИВЕРСИТЕТ АТАНДЫ

2023 жылдың 22 желтоқсанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде күрделі жөндеуден өткізілген №3 студенттік жатақхана мен Орталық стадионның ашылу салтанаты болып өтті. 

Іс-шараға Қазақстан футболының ардагер тұлғасы Құралбек Ордабаев, «Алматы» олимпиадашылар дайындау орталығының басшысы, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, бірінші жартылай орта салмақтағы IBO бокстан әлем чемпионы Жанкош Тұраров, инвестор компаниялар басшылары қатысып, құттықтау сөз сөйледі. 

✅ Университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуы бойынша, қазіргі уақытта жеке қолға өтіп кеткен университет активтерін кері қайтару жалғасуда. Мысалы, №6 студенттік жатақхана биыл тұрғын үй қорына қайтарылып, қосымша 280 студент баспаналы болды. Кезінде «Шаһ» атты мейрамхана мен офис ретінде жеке кәсіпкерге қызмет жасап келген №3 студенттік жатақхана да кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл масқатқа университеттің бюджетінен 160 млн. теңгеге жуық  қаражат бөлінді. 

✅  Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары Қуат Сұлтанғазиевтің айтыу бойынша, мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары соңғы 20 жылда жүргізілмеген. «Ритм Строй ЭК» ЖШС  қолдауымен жатақхананың сыртқы және ішкі кеңістігі толық жаңғырды: тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектелді, қажетті жиһаздар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары мен газ плиткалары қойылды. Нәтижесінде заманауи келбеттегі 200 бөлме – студенттерге, 100 бөлме – магистранттар мен жас ғалымдардың игілігіне берілмек.

✅ Тағы бір үлкен жаңалық – жақында «Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық шарт негізінде 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхананың құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгеден астам. Жатақхана қасынан студенттер үшін Медициналық орталық тұрғызылмақ.  

✅ Осындай нақты істердің нәтижесінде, ҚазҰАЗУ Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанды. 

✅  Сонымен бірге, білім алушылар үшін басқа да әлеуметтік жеңілдіктер жасалуда. «Студент» әлеуметтік дүкені мен аптека ашылды, мұндағы бағалар өзге сауда орындағы өнімдерден 15-20 пайызға төмен.

✅ Жоғарыда келтірілген мысалдар – Жаңа Қазақстан жағдайындағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті өмірінде болып жатқан игі өзгерістердің нышаны. Осы қолдаудың нәтижесінде, оқу ордасы биыл 4 халықаралық және ұлттық рейтингте лайықты орындардан көрінді. Соның ішінде: «QS World University Rankings: Asia 2024» әлемдік рейтингісінде ҚазҰАЗУ Орталық Азиялық жоғары оқу орындары арасында 6-орынға ие болды. Ал, QS Quacquarelli Symonds жаһандық талдау агенттігінің рейтингісінде ҚазҰАЗУ еліміздегі ең үздік бестікке көтерілді.

✅  Іс-шара барысында стадионды салған құрылыс компаниясының басшысы ҚазҰАЗУ футбол командасының капитанына салтанатты түрде стадионның символикалық кілтін тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, стадионның құрылысын "Когкем" ЖК рекордтық қысқа мерзімде – бес айда бітірген болатын. Орталық стадионды жаңғыртуға «Atlant Systems» ЖШС жеке инвесторы тарапынан 150 млн. теңге сомасында қаражат тартылды.  

✅  «Құрметті студенттер, достар, бүгін сіздерде үлкен мереке! Сіздер көптен армандаған стадионға қол жеткіздіңіздер. Университет басшылығы инвесторлармен бірлесе отырып, бұқаралық спортты қолдау мақсатында осы заманауи стадионды салып берді. Өте тамаша! Бұл ең алдымен, студент жастар арасында спорттың дамуына күшті серпін беретіні сөзсіз. Екіншіден, спортпен шұғылдану жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймайды, ол болашақта сіздердің араларыңыздан Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейді. Баршаңызды осы қуанышпен құттықтаймын және зор денсаулық, белсенді спортпен шұғылдану тілеймін!",- деді Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.
 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник