ҚазҰАЗУ мен ҚЫТАЙДЫҢ ЛАНЧЖОУ УНИВЕРСИТЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
2023 жылғы 24 желтоқсанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов Ланчжоу университетінің Вице-президенті, профессор Гоу Сяохуа бастаған делегациямен кездесті.
Кездесуге Ланчжоу университетінің Халықаралық білім мектебінің деканы Ли Чуньлинь, университеттің Конфуций Институтының директоры, профессор Дэн Сяоян, ҚХР Алматадығы консулы Чжан Вэй және ҚазҰАЗУ жанындағы Қазақ-Қытай орталығының жетекшісі Думан Иманмади, проректорлар мен декандар қатысты.
Орта Азиядағы екі ірі ЖОО басшылары осыған дейін де бірнеше мәрте кездескен болатын. Атап айтқанда, 2023 жылғы 22 маусымда ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев Ланчжоу университетінің президенті, профессор Ян Чуньхуа бастаған делегациямен бірге ұзақ мерзімді перспективалы екіжақты қарым-қатынастарды талқылаған еді. Бүгінгі кездесу соның заңды жалғасы.
«Біз жоғары білім беру және агроөнеркәсіптік сектор саласындағы көпвекторлы даму бағыттарын айқындап, қытайлық ғылым-білім мекемелерімен бірқатар бірлескен білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асырудамыз. Оның ішінде, Қытай аграрлық университетімен (Пекин), Хэнань ауылшаруашылық университетімен, Лан Джоу Ветеринарлық ғылыми зерттеулер институтымен және осы Ланьчжоу университетімен тығыз байланыс жасаймыз. Өткен жолы ҚазҰАЗУ базасында Агроөнеркәсіпті цифрландыру орталығын құру туралы келіскен болатынбыз. Бүгін екі тарап осы жоспарларды ары қарай дамыту туралы пысықтайтын боламыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
LZU Вице-президенті, профессор Гоу Сяохуа өз кезегінде ҚХР Білім министрлігінің тікелей қарамағында жұмыс жасайтын және Double First Class құрамына кіретін үздік университеттердің бірі болып табылатын Ланчжоу университетінің ауыл шаруашылығы ғылымдары, инженерия, экология, ботаника және зоология саласындағы жетістіктерін ортаға салды.
Бұдан кейін маман-ғалымдар екі университет арасында білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, студенттер алмасу және кадрларды бірлесіп даярлау үшін мемлекеттік және басқа арналарды пайдалану, ПОҚ және білім алушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты кеңейту т.б. мәселелерді кеңінен талқылап, пікір алмасты.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.