ҚазҰАЗУ БАСШЫСЫ АРДАГЕР ҰСТАЗДЫ МЕРЕЙЛІ ТУҒАН КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Омбаев Әбдірахман Молданазарұлы 75 жастың белесіне шығып отыр.
Мерейлі туған күн иесін ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-Ректор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті Ақылбек Күрішбаев ұжым атынан құттықтап, дәстүр бойынша иығына шапан жауып, Алғыс хат тапсырды.
«Сіз еліміздегі зоотехния ғылымын дамытып, мал түрлерінің көптеген жаңа тұқымдары мен зауыттық сүлелерін жасап, өндіріске енгізуге жетекшілік жасаған ғылым қайраткерісіз. Ұлыбританияның Кембридж қаласында орналасқан Халықаралық библиографиялық орталығының «Алтын белгісімен» марапатталып, әлемге танымал ғалымдардың тізіміне енгеніңізді әріптестеріңіз мақтан тұтады. «Зоотехния ғылымына қосқан үлесі үшін» Е.Ф.Лискун атындағы медалмен марапатталып, Ресей Ғылым академиясының шетелдік мүшесі, Моңғол ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі атанған ғибратты ғұмырыңыз бүгінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге», - деді өз құттықтауында университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.
Әбдірахман Омбаев 1971 жылы Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институтын үздік бітірген соң, еңбек жолын Қазақ қаракөл шаруашылығы ҒЗИ-да аға лаборант қызметінен бастап, бар ғұмырын ғылымға арнап келеді. 1976 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мал шаруашылығы ҒЗИ аспирантурасында оқып, Қазақ қаракөл шаруашылығы ҒЗИ директоры, Созақ ауданының әкімі, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ бас директоры сияқты жауапты лауазымдарда абыройлы қызметтер атқарды.
Бүгінде ҚазҰАЗУ «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру сапасын басқару» халықаралық зерттеу орталығының басшысы ретінде ғылым мен білім беру ісін халықаралық талаптарға сай жаңаша дамыту, оқу ордамызды әлемге таныту бағытында игі істерін жалғастырып келеді.
Ғылым саласында 510 ғылыми еңбектің, 4 монографияның, 17 оқулық пен оқу құралдарының авторы, өнертабыста 67 авторлық куәлік пен патенттің иегері атанып, 9 докторлық және 28 кандидаттық диссертацияға ғылыми жеткшілік жасады.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», Моңғолияның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері, Түркістан облысының, Созақ және Отырар аудандарының құрметті азаматы атағына ие болып, «Құрмет» орденімен, көптеген мерекелік медалдармен марапатталды.
Ғылым мен білім жолындағы атқарар еселі еңбегіңізге әрқашан сәттілік тілейміз!
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі