СПОРТ АЛАҢЫНДА ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚЫЛДАҒАН ҰСТАЗДАР
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Спорт залында профессор-оқытушылар құрамы мен қызмекерлері арасында "Денсаулық – 2024" спартакиадасы өтуде.
«Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының» меңгерушісі Меруерт Тұяқбаева білім алушылардың қысқы каникулда жүрген сәттерін оңтайлы пайдаланып, спорттың 9 түрінен өзара күш сынасқан ұстаздар мен қызметкерлер екінші жағынан денсаулықтарын шыңдауға мүмкіндік алғанын атап өтті.
«Біздің университетте заманауи үлгідегі спорт кешені, спорттық құралдармен жабдықталған тренажерлық зал, жаздық футбол алаңы және бір жабық мини футбол алаңы, жүгіру жолағы жасалған Орталық стадионымыз бар. Білім алушылардың жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуына және ұстаздардың бос уақыттарында спортпен шұғылдануына тікелей қызмет ететін осындай нақты жағдайлар жасап, үлкен қолдау көрсетіп отырған университет басшылығына алғысымыз зор», - дейді Меруерт Тұяқбаева.
Агроөнеркәсіптік кешен, экология, IТ-технология, энергетика, логистика, бизнес және басқару салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлайтын ҚазҰАЗУ студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен Алматы қаласындағы жалғыз университет екенін де айта кетейік.
Студент жастарымыз осындай білікті де, жан-жақты интеллектуалды дамыған, шынайы спортпен айналысатын ұстаздардан дәріс алатындарын мақтан тұтады!
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.