KazNARU

ҚазNARU «ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 75 жыл

2023 жылғы 12 қаңтарда ҚазҰАЗУ «Орман шаруашылығы» факультетінің құрылғанына 75-жыл толуына байланысты және академик Тайжан Хамитұлы Тоқмурзин атындағы зертхананың ашылуына орай  «Су, жер және орман ресурстары»  факультетінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның төмен көмір қышқыл даму стратегиясын іске асырудағы орманның маңызы» атты дөңгелек үстел болып өтті. Аса маңызды жиынға орман ресурстары саласының белгілі академиктері мен профессорлары, университет басшылығы, факультет және кафедра қызметкерлері, республиканың әр қиырынан шақырылған қонақтар қатысты.

✅  Іс-шараны ашқан ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде 1948 жылдан бастау алатын Орман шаруашылығы, яғни қазіргі «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің тарихына тоқталып, осында қызмет ететін ұстаздардың агросектор үшін білікті мамандар даярлауға,  су мен жер, орманды тұрақты басқару ісіне қосып отырған қызметіне жоғары баға берді.

Өзінің 75 жылдан астам тарихында факультеттің атауы да, құрамы да бірнеше рет өзгерген. Қазіргі кезде: «Орман ресурстары, аңшылықтану және балықшаруашылығы», «Жерге орналастыру және кадастр», «Су ресурстары және мелиорация» сияқты үш кафедрадан құралған факультеттің абыройлы имиджі қалыптасқан. 

✅  «Биылғы оқу жылында бұл факультетке 597 талапкер қабылданды, ал барлығы 1693 студент білім алуда, яғни сан жағынан университет бойынша бірінші орында тұр. Енді, санмен бірге білім сапасын көтеруге көңіл бөлінуін қадағалаймыз. Факультет түлектері бүгінде өндірістің, ғылымның барлық салаларында, басқару органдарында және алыс, жақын шетелдерде жұмыс істейді. Ғалымдарымыз сонымен бірге мемлекеттік және жеке орман өсіруді дамыту, жерді тұрақты басқару және сумен қамтамасыз ету мен суаруды жақсартуға барынша өз үлестерін қосып келеді. Мысалы, жақында ҚазҰАЗУ мен Алматы қаласының әкімдігі арасында жасыл желектерді күтіп-баптау мақсатында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Екі жыл мерзімге есептелген осы жұмыстарды жүзеге асыруға Орман ресурстары кафедрасының ғалым-оқытушылары, докторанттары мен магистранттары тікелей атсалысатын болады», - деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы.

✅  Мамандардың пікірінше, бұл ауқымды жоба аясында жасыл желектерді күтіп-баптаудың төрт бағыты бойынша ғылыми негізде зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде қаладағы ағаштардың қазіргі жай-күйін есепке алу және бағалау, орман питомнигін құру, «Медеу» табиғи паркін басқару жоспарын әзірлеу және «Баум тоғайының» ландшафттарының эстетикалық тартымдылығын арттыру сияқты ірі іс-шаралар қамтылады. 

✅ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 2 ақпандағы «Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекіту туралы»  № 121 Жарлығы бойынша негізгі декарбонизация әрекеттеріне егіншілік пен мал шаруашылығын тұрақты жүргізу, суаруды жақсарту және де орманды тұрақты басқару және ормандарды молықтыру туралы міндеттер қойылған.

Осы мақсатқа толыққанды қол жеткізу үшін орманды тұрақты басқару және қолданыстағы қорды молықтыру бөлігінде ормандарды кесу процесін тоқтату, ормандарды сақтау және деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру бойынша белгіленген шараларды ғылыми негізде жүргізудің маңыздылығы зор.

✅  «Өз кезегінде университет ғалымдары жоғарыда аталған ғылыми тетіктердің әрқайсысы бойынша халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, өздерінің қатысумен дайындалған нақты жобаларды іске асыруға барлық мүмкіндіктерді жасайды.
Біз болашақта орман саласының дамуының барлық басым бағыттары бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігі, облыстық әкімшіліктер мен жекелеген орман шаруашылықтарымен жемісті ынтымақтастыққа үлкен үміт артамыз», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅  Факультет деканы Дани Сарсекова өз кезегінде «Орман таксациясы және орман шаруашылығын құру» кафедрасын 1962 жылдан 1994 жылға дейін ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Тайжан Хамитұлы Тоқмурзин 32 жыл басқарғанын еске алып өтті.

Бүгін осы факультет базасында профессор Тайжан Хамитұлы Тоқмурзиннің атындағы арнайы зертхана ашылды. Дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздің орман шаруашылығы саласына білікті мамандар дайындауға және орман шаруашылығы ғылымын дамытуға өзіндік зор үлесін қосқан көрнекті академиктің есімін ілтипатпен атай отырып, құрмет білдірді.

✅ Іс-шара барысында университет басшылығы «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген Байзаков Сәбит Байзақұлы, Нысанбаев Ерлан Нұралыұлы, Токтасынов Жайлау Нұрмұхамедұлы, Досахметов Абет Өжекұлы, Мұқанов Болат Мажитұлы, Тұрганов Жеңісбек Тұрғанұлы, Токмурзина Ғайни Хамитқызы, Баймуханбетов Санат Серікұлы, Сарманов Абуталип Сүлейменұлы,  Жүнісов Бақытжан Құлбайұлы сияқты т.б. бір топ еңбегі сіңген ардагерді «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне 90 жыл» және «Университет мақтанышы» төсбелгілерімен марапаттап, иықтарына шапан жапты.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник