ҚазNARU ӨКІЛДЕРІ ТАЛДЫҚОРҒАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Жетісу облысы әкімінің ұсынысына сәйкес, өңірде «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі құрылып, 2023-2024 оқу жылдары пилоттық жүйеде Талдықорған қаласының мектептерінде ментор қызметі енгізілген болатын.
Жобаның мақсаты – өңірдегі оқушылардың тұлғалық дамуын менторлық сүйемелдеу, балалар мен ересектердің арасындағы құқыққа қайшы мінез-құлықтың барлық түрлерінің алдын алу арқылы бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру.
Аталған жобаның жоспарына сәйкес, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өкілдері – п.ғ.к., Инженерлік-техникалық факультетінің қауымдастырылған профессоры Гүлмира Скабаева мен «IT- технологиялар және автоматтандыру» кафедрасының аға оқытушысы Назира Самбеткулова 2023 жылдың 12 – 13 қаңтар күндері мектеп бітірушілерімен кәсіби бағдар беру мақсатында кездесу ұйымдастырды. «Жастарға қызмет көрсету орталығының» көпфункционалды залында өткен үлкен басқосуға Талдықорған және Текелі қалаларының 30 мектебінен 500-ден аса мектеп бітіруші қатысты.
Кездесуді ашқан «Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметкері, Жобаны басқарушы Мадина Атайбаева мектеп оқушылары арасында тәрбие жұмыстарын жүргізу бойынша қолға алынып жатқан жаңа әдістердің ерекшелігін түсіндіріп, арнайы кәсіби бағыт-бағдар берудің негізгі қызмет кестесімен таныстырды.
ҚазNARU қауымдастырылған профессоры Гүлмира Скабаева кәсіптік бағдар беру барысында университетте болып жатқан жаңа өзгерістерді, факультеттер мен мамандықтар туралы мәліметтерді ортаға салды. Талапкерлер өз қалауы бойынша өз білімдерін бакалаврдан кейін, магистратура мен докторантурада жалғастыра алатынын, мектепті үздік бітірушілердің, пәндік олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары, талантты балалар университетімізге жеңілдікпен қабылданатынын қадап айтты. Сондай-ақ биылғы жылғы ҰБТ-ның жаңа форматы туралы кеңінен түсіндірді.
«ҚазNARU бүгінгі күні заман талаптарына сай жаңа бағытта даму үстінде. Басты мақсат – оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу. Университетіміз 2023 жылы әлемдік «QS Asia» рейтингісі бойынша Орталық Азия үздік жоғары оқу орындары арасында 6 орынға, «QS Sustainability» рейтингісінде Қазақстан бойынша 5-ші орынға көтерілді. Университеттегі алты факультет агроөнеркәсіптік кешен, IТ-технология, энергетика, логистика, орман, жер, су, табиғат ресурстарын пайдалану, бизнес және басқару салалары үшін жоғары білікті мамандар дайындайды. Сіздерді біздің оқу ордамызда білім алуға шақырамыз», - деді ол.
Бұдан кейін ҚазNARU қызметі туралы бейнеролик көрестіліп, ҰБТ-ның жаңа форматы туралы презентация ұсынылды. Kahoot сауалнама ойынын ұйымдастырып, жеңімпаздарға университетіміздің логотипі бар блокноттар, ақпараттық брошюралар, автоқаламдар мен флешкалар тапсырылды.
«Біздің білім алушыларымыз болашақта Голландияның Вагенинген университеті, Францияның АгроПарижТех университеті АҚШ-тың Небраска университеті, Малайзияның Паханг университеті сияқты жетекші озық жоғары оқу орындарында қатар оқып, халықаралық стандарттық үлгідегі екі диплом алып шығады. Бұл жүйе оқу бітіруші түлектердің табысты жұмыс орындарына орналасуына мүмкіндік береді. Осынау мүмкіндікті тиімді пайдалана біліңіздер. Біз сіздерді күтеміз», - деді аға оқытушы Назира Самбеткулова.
Мектеп түлектері мен ата-аналар тарапынан қойылған университетке қабылдаудың жаңа ережесі туралы, мамандықтар жайлы түрлі сұрақтарына толықтай жауап қайтарылды.
Талдықорған қаласы мектептерінің менторлары мен мектеп бітіруші түлектері алдағы сәуір айында университетмізбен танысуға келу туралы өтініш-тілектерін жеткізді.
ҚазNARU Баспасөз қызметі