KazNARU

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН ЗАҢ МАМАНДАРЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ӨНДІРІСІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Қазақ Ұлттық Аграрлық зерттеу университеті мен Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессорлық-оқытушылар құрамының қатысуымен  Алматыда онлайн және офлайн форматта «Қылмыстық сот өндірісі: нақты бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел болып өтті.

✅ Жиын барысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректор Ақылбек Күрішбаевтың дөңгелек үстелге қатысушыларға арналған құттықтау сөзі оқылды.

«Сот жүйесі, оның ішінде, қылмыстық сот өндірісін жүргізу ісі кез-келген құқықтық мемлекеттің ең негізгі заңдық тұғырының бірі болып табылады. Демократиялық қоғамдастықтағы кең ауқымды қылмыстық сот өндірісін әділетті жүргізу – ең алдымен, сот жүйесіне халықтың сенімін нығайтады. Екі елдің жетекші университеттерінің профессорлары мен заңгер мамандары құқықтық реформаның жетістіктерін ортаға сала отырып,  осы саладағы кәсіби біліктілікті арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Сіздердің жұмыстарыңызға табыс тілеймін!» - делінген ректордың алғы сөзінде. 

✅ Дөңгелек үстелдің модераторы – KazNARU «Құқық» кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.к., қауымдастырылған профессор Гүлмира Тілебаева. Ол  қылмыстық сот ісін жүргізудегі халықаралық құқық нормаларына жауап бере алатын, міндетті түрдегі сапалық шарттардың орындалу қажеттілігіне баса назар аударып, осы тұрғыда ашық ой-пікір бөлісуге шақырды.

✅ KazNARU «Бизнес және құқық Жоғары мектебі” факультетінің деканы, з.ғ.к., қауымдастырылған профессор Динара Ажинурина өз сөзінде Адам құқығының Еуропалық Конвенциясын еске алып,  заң нормалары сапасының құқықтық, айқындылық қағидаларына сай орындалуға тиіс екендігіне тоқталып, қазақстандық сот жүйесіндегі ерекшеліктерді атап өтті.

✅  KazNARU профессоры, з.ғ.д. Аджимұрат Исаев «Алқабилердің қылмыстық процеске қатысуы», ТМЗУ кафедра меңгерушісі, з.ғ.д., профессор Дилдор Базарова «Қылмыстық сот ісін жүргізуде жеке құқықтардың кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері», ТМЗУ профессоры, з.ғ.д., Бахтиер Хидоятов «Қылмыстық процестің бастапқы сатысы ретіндегі тергеуге дейінгі тексерулердің мәні мен маңызы», KazNARU профессоры, з.ғ.д. Зәуреш Аюпова «Қазақстан Республикасында тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысы үшін құқықтық жауапкершілікті күшейту мәселесі туралы», KazNARU профессоры, з.ғ.к. қауымдастырылған профессор Егемберді Әбілқасымов «Қылмыстық сот өндірісін жүргізу тіліне қатысты мәселелер», KazNARU профессоры, з.ғ.к., қауымдастырылған профессор Алишер Гаитов «Қылмыстық процесте қорғаушылардың дәлелдемелерді жинау мәселелері» тақырыбында баяндамалар жасап, өздерінің ұсыныстарын білдірді.

✅ KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов университет басшылығы атынан болашақ заңгер мамандар даярлауда белсенділік танытқан бір топ профессор-оқытушыларға Алғыс хаттар мен марапаттар табыс етті.

KazNARU Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник