KazNARU МЕН ҚЫТАЙДЫҢ ХЫНАНЬ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ БЕЙНЕКОНФЕРЕНЦИЯСЫ
2024 жылы 31 қаңтарда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Басқарма төрағысы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов Қытайдың Хынань аграрлық университеті Ветеринария институтының басшылығымен бейнеконференция өткізді.
Кездесуге Хынань университетінің Халықаралық департаментінің директоры Ту Кы, «Ветеринарлық медицина» факультетінің деканы Ждаң Лоңщиян, осы факультеттің ғалымдары – профессор Ли Цзюньцян, профессор Ли Сяойин, доцент Ли Юнтао;
KazNARU жағынан Халықаралық қатынастар мен стратегиялық даму проректоры Рафис Абазов, «Ветеринария» факультетінің өкілі, профессор, «Аньтыген» компаниясының құрылтайшысы Нұрлан Ахмедсадықов, «Биология қауіпсіздік» кафедрасының профессоры Ұлжан Омарбекова, Қазақ-Қытай орталығының жетекшісі Думан Иманмади қатысты.
Хынань аграрлық университеті 120 жылдан артық терең тарихы бар, Қытайдағы аграрлық саланың жетекші оқу орнының бірі. ХАУ құрамындағы «Ветеринария медицина» факультеті 1927 жылы құрылған, ветеринария ғылым саласында өзіндік орны жоғары факультет саналады. Онда 150-ден астам ғылыми қызметкер жұмыс істейді, екі үлкен Ұлттық ветеринариялық ғылыми зертханасы, министрлік тарапынан тұрғызылған екі ғылыми зертханасы бар.
2023 жылдың маусым айында Хынань университетінің Халықаралық департаментінің директоры Ту Кы Алматыға арнайы келіп, KazNARU қызметімен танысып қайтқан еді. Сол кездесуде екі университет арасында ветеринариялық ғылымы бағыты бойынша кеңінен ынтымақтастық орнату жөнінде кеңес өткізген болатын.
Ал, өткен жылдың қазан айында профессор Рафис Абазов KazNARU басшылығының тапсырмасымен ХАУ-да ғылыми сапарда болып, өзара бірлескен Ветеринарлық ғылыми зертхана құру жөнінде Меморондумға қол қойылған еді. Бүгінгі кездесу барысында сол мәселенің құрылымдық жүйесін бірлесе жасау қарастырылды.
Сонымен қатар, екі университет арасындағы ғылыми байланыстарды одан ары тереңдету, ветеринария саласындағы бірлесекен зерттеулер нәтижелерін агроөндіріске енгізу, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, оқытушылар мен студенттер алмасу және сапалы кадрлар даярлау бағыттары кеңінен талқыланды.
ХАУ тарапы әріптестері тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, оларды жан-жақты келісу үшін KazNARU басшылығы мен ветеринария саласындағы танымал ғалымдарды Қытай еліне арнайы шақырды.
KazNARU Баспасөз қызметі