ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ МЕМЛЕКЕТТЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМ-БІЛІМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
2024 жылдың 05 ақпанында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ақылбек Күрішбаев Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Жиян Ви ханыммен кездесті.
«Біздің ғалымдарымыз соңғы жылдары Қытай мемлекетінің цифрлы технология, IT технология және биотехнология саласындағы инновациялық және технологиялық жетістіктерімен жақын танысып, бірлескен зерттеу жұмыстарын қолға алуда. Сондықтан сіздермен ынтымақтастықты одан ары кеңейтуге, ғылыми-зерттеу саласында тәжірибе алмасу, экологиялық сапалы өнімдер алуды қамтамасыз ету және экспортқа шығару, мамандандырылған бір ҒЗИ базасында қытай технологияларына бағдарланған Агротехнопарк құру, нарықтық бәсеке талабына сай қабілетті мамандарды бірлесе дайындау сияқты түрлі халықаралық жобаларды дамытуға күш саламыз. Бұл үлкен мақсатты жүзеге асыруға ең алдымен Консулдықтың, қытайлық ғылым-білім мекемелерінің, әсіресе, суды пайдалану технологияларының жетекші ұйымы саналатын «Xinjiang Tianye» сияқты ірі компаниялардың белсене атсалысатынына сенеміз», - деді Ақылбек Күрішбаев.
Өз кезегінде ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Жиян Ви ханым ғылым мен білім мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, Қытайдың ғылым саласындағы жеткен жетістіктерін Қазақстан аумағындағы ерекшеліктерге орай пайдалануға, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы жанынан «Қазақ-Қытай ғылыми орталығын» құру туралы ұсынысты қолдайтынын және бұл ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетінін ортаға салды.