KazNARU

ДАҢҚЫ ДӘУІРЛЕГЕН «ВЕТЕРИНАРИЯ» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ЖАҢА ҚАДАМДАРЫ

Өткен ғасырдың 60-80 жылдары Алматыдағы «Зоовет институты» атанған оқу ордасының даңқы қалай дәуірлегені халықтың әлі есінде. Еліміздің сол кездегі қазағы аз астанасының рухани өмірінде қазақтың рухын, тілін, дәстүрін сақтап қалуда осы институтта оқитын өрендердің сіңірген еңбегі айырықша екені анық. Ауылдан келген cтудент жастар оқуда ғана емес, спортта да, өнерде де оза шауып, бәйгенің алдын бермейтін нағыз дүлділдер қатарынан көрініп, өз абыройларын асқақата білді!

✅ Бүгінгі күні, міне, сол аға буын салған игі дәстүрді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ветеринария» факультетінің студенттері мен оқытушылары берік жалғастырып келеді. Сонау 1929 жылдан бастау алатын факультетте қазір үш деңгейде мамандар дайындалады: бакалавриат, магистратура және докторантура. Бүгінде барлығы 1441 білім алушы оқиды. Оларға сабақ беретін профессор-оқытушылар құрамында бір ҚР ҰҒА академигі, 18 ғылым докторы, 56 ғылым кандидаты, 21 PhD докторы бар.

✅ Факультет құрамында «Биологиялық қауіпсіздік», «Клиникалық ветеринариялық медицина», «Микробиология, вирусология және иммунология»,  «Акушерлік, хирургия және жануарлардың көбеюінің биотехнологиясы»,  «Ветеринариялық санитариялық сараптама және гигиена» және академик Н.У.Базанова атындағы «Физиология, морфология және биохимия» кафедралары жұмыс істейді.

✅  Жалпы, ветеринария білім беру бағдарламасының басқа салалардан көп өзгешелігі бар. Ең алдымен,  бұл факультет жануарлар ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алу саласында жоғары білімі мен дағдылары бар білікті, бәсекеге қабілетті ветеринар мамандарын  даярлайды. Ветеринар жануарлардың ғана емес, адамдардың да денсаулығына тікелей жауапты тұлға, ол тамақ қауіпсіздігін сақтауда, қоршаған ортаны қорғауда маңызды рөл атқарады. Сол себептен, ветеринариялық жұмыстар кешенін ұйымдастыруға, жоспарлау  мен биопрепараттарды тиімді пайдалануды бақылауға басты назар аударылады. 

✅ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында «Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді» деп, қазіргі таңдағы ветеринария саласының қызметін қайта қарауға тапсырма берген болатын.

Осы талаптарға сәйкес, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау мақсатында инновациялық білім беру бағдарламалары жаңғыртылып, KazNARU «Ветеринария» факультетінің агорөндіріспен, кәсіпорындармен, бизнеспен өзара байланысын күшейту арқылы бітіруші түлектердің жұмысқа орналастырылуы ерекше қадағаланады.

✅ Заманауи құрылғылармен және компьютерлік технологиялармен жабдықталған оқу-зертханалық және ғылыми-зерттеу аудиториялары білім беру мен зерттеу жұмыстары үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. 
Мысалы, студенттер «Ветеринариядағы инновациялар» атты жаңа аудиторияда жануарлар ауруларын анықтау, емдеу және алдын алу тәжірибе жұмыстарын жүргізуге машықтанады.
Жаңа оқу жылында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті басшылығының қолдауымен 1955 жылы салынған «Ветеринарлық клиника» күрделі жөндеуден өткізілді. Мұнда болашақ мамандар «Ветеринариялық медицина» және «Ветеринариялық санитария» білім беру бағдарламалары бойынша практикалық тәжірибеден өтеді.

✅ Факультет шетелдік озық жетекші университеттердің тәжірибесін қабылдай отырып, бүгінде практикалық дағдыларды, ғылыми зерттеулерді меңгерудің, білім алушыларға нақты тәжірибе берудің орталығына айналды.  Университетімізде жақын және алыс шетелдерден келген студенттер ветеринария бойынша өз білімдерін жетілдіреді. Біздің де білім алушылар шет елдерде оқып, тәжірибе жинақтап қайтады.

✅ Нәтижесінде KazNARU «Asia 2024» әлемдік рейтингісіне Орталық Азиялық жоғары оқу орындары арасында 6-орын, қазақстандық ЖОО арасында ең үздік 5-тің қатарынан көрінді.

✅  «Бүгінгі таңда біздің бітіруші түлектеріміз еліміздің экономикасы мен аграрлық сектордың әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр, ғылыми-зерттеу институттарында отандық ғылымның дамуына да үлкен үлес қосуда. Статистика бойынша, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің 40%-дан астамы мал шаруашылығының үлесінде екен. Яғни, ауыл тұрғындары үшін мал шаруашылығы – күнделікті жұмыс көзі және табыс генераторы болып табылады. Сондықтан да, ауыл өркениетін алға апаратын жоғары біліміді, білікті, бәсекеге қабілетті ветеринар мамандары аудай қажет. Біздің жастарымыз осыны жақсы түсінеді», - дейді «Ветеринария» факультетінің деканы Гүлмира Алпысбаева.

Жаһандану дәуірінде мал шаруашылығын, аквамәдениетті, азық-түлік қауіпсіздігін дамыту, сондай-ақ ветеринария саласындағы кадрлар сапасын жақсарту, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру, ветеринарлық қызметті дұрыс ұйымдастыра білу –  уақыт талабы екені даусыз. 

✅ KazNARU-ды таңдау арқылы мектеп түлектері үлкен өмірге жолдама алатындарын еске сала кетейік!

Аграрлық мамандықтар жастарды зор табыс пен жетістіктерге бастайды!

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник