KazNARU

АГРОСЕКТОР САЛАСЫНА КАДРЛАР ДАЯРЛАУ – БҰЛ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫНА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТЕТІН АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОР

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам алдына қойған тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді.

Іс-шараға қатысушылар ашық пікірталас шеңберінде «Агроөнеркәсіп кешен саласындағы кадрларды даярлау барысы және білім беру бағдарламаларын аграрлық сектордың қажеттіліктеріне бейімдеу туралы» аса маңызды мәселені қарастырды.

✅ Өзінің кіріспе сөзінде Ербол Тасжүреков еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің өзекті мәселелеріне тоқталып, оның тұрақты дамуына бағытталған мемлекет тарапынан жүйелі шаралардың қолға алынып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, ол аграрлық ғылымды реформалау барысындағы өзгерістерді ортаға салып, агросектор үшін кадрлар даярлау бойынша білім беру жүйесін дәйекті және жүйелі жаңғыртудың қажеттілігін атап өтті.

✅ ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы - Ректор Ақылбек Күрішбаев «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2024 - 2030 жылдарға арналған даму бағдарламасының» түйінді тұстарын атап өтті, онда алдағы бес жыл ішінде ҚазҰАЗУ-ті халықаралық деңгейдегі аграрлық зерттеу университетіне айналдыру бағытындағы нақты шаралар көзделген. Қазіргі уақытта бұл бағдарлама ел Үкіметінің қарауына бекітілу үшін жолданды.

✅ Кеңес барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Төрағасының орынбасары Жанна Есинбаев (онлайн), ҚР Оқу ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ақзира Қасымова (онлайн), ҰАҒБО КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дамир Қалдыбаев, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Асқар Наметов, С. Сейфуллин атындағы ҚАТИУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Қанат Тиреуов, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы – Ректордың брінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов ұсынылған тақырыптар бойынша баяндама жасады.

✅ Іс-шараға қатысушылар аграрлық жоғары оқу орындарын заманауи және тиімді оқу орнына айналдыруға бағытталған басым мәселелерге баса назар аударды.

Спикерлер «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тиімділігі төмен екенін атап өтті. Оны іске асыру кезеңінде игерілген қаражаттың жалпы көлемінің тек, 3,3%-ы ғана АӨК мамандарының үлесіне тиесілі болғанын өкінішпен атай кеткен жөн.

✅ Бүгінде ауыл шаруашылығы мамандықтарының жастар арасындағы беделі төмендеп кеткені жасырын емес. Соның салдарынан, 2023 жылы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік гранттың 59%-ы ғана игерілді. Балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, су ресурстары бағыттары бойынша мемлекеттік гранттардың 70-80%-ы игерілмеген күйінде қалды.

✅ Жиынға қатысушылардың пікірінше, кеңесте ұсынылған қолдау шараларын мемлекеттік деңгейде қабылдау ауыл шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын едәуір арттыруға, ауыл жастарының аграрлық жоғары оқу орындарына түсуін арттыруға, олардың жұмысқа орналасу және ауылда қалу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник