ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ МЕМЛЕКЕТІ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫ КЕҢІП КЕЛЕДІ
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Ақылбек Күрішбаев пен Қытай Ғылым академиясы Шыңжаң Экология және география институтының Бас директоры Чжан Юанмингтің кездесуінде атап айтылды.
Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде Қазақстан мен ҚХР мемлекет басшыларының қолдауымен екі елдің арасындағы экономикалық байланыстармен қатар, ғылым-зерттеу ұйымдары мен жоғары білім беру мекемелерінің ынтымақтастық аясы өте жақсы кеңейіп келе жатқанына тоқталды.
Мысалы, ҚХР Ғылым академиясы, Қытай Ауылшаруашылық ғылымдары академиясы, Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясы, Қытай аграрлық университеті (Пекин), Хэнань Ауылшаруашылық университеті, Ланьчжоу, Шихэзи, Тарым, Харбин, Солтүстік-Батыс аграрлық университеттері сияқты көптеген ірі ғылыми зерттеу орталықтары мен ЖОО жетекшілерімен кездесу барысында бірқатар бірлескен ғылыми жобалар қабылданды. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Шыңжаң Экология және география институты арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
«Біздің ғалымдарымыз бен мамандарымыз соңғы жылдары Қытай мемлекетінің цифрлы технология, IT технология және биотехнология саласындағы инновациялық және технологиялық жетістіктерімен жақын танысып, бірлескен зерттеу жұмыстарын қолға алуда. Соның нәтижесінде, бір ҒЗИ базасында қытай технологияларына бағдарланған бірлескен Агротехнопарк құру, тәжірибе алмасу, экологиялық сапалы өнімдер алуды қамтамасыз ету және экспортқа шығару аясындағы түрлі жобаларды дамытуға күш салудамыз. Алдағы уақытта ветеринария, инженерия, экология, ботаника және зоология саласында халықаралық талаптарға сай, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, кадрларды бірлесіп даярлау және студенттер алмасу сияқты бағыттар қамтылмақ», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Өз кезегінде ҚХА Шыңжаң Экология және география институтының Бас директоры Чжан Юанминг Ақылбек Күрішбаевты ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтап, «Бір белдеу, бір жол» жоба аясында екі елдің ғылыми-зерттеу ұйымдары мен білім мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, Қазақстанда Ұлттық ғылым академиясы жанынан «Қазақ-Қытай ғылыми орталығын» құру туралы ұсынысты қолдайтынын ортаға салды.
Кездесу барысында тараптар Ұлы Жібек жолында орналасқан көрші елдердің ауыл шаруашылығы үшін суды басқару және экология бойынша ғылым мен білім саласындағы өзара іс-шараларды үйлестіру, жаңа бастамаларды қолдау, ғалымдардың бірлескен жобаларын жүйелі жүргізуге уағдаласты.
Чжан Юанминг сөзінің қортындысында екіжақты талқыланған маңызды мәселелерді Қытай Ғылым академиясы басшыларының қатысумен бекіту мақсатында ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаевты күншығыс еліне ғылыми іссапарамен келіп қайтуға шақырды.
Кездесуге Шыңжаң Экология және география институтының Бас директорының орынбасары Джилили Абудувайли, осы институттың Халықаралық байланыс департаментінің директоры Цяо Цзянфанг, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Халықаралық байланыс бөлімі басшысының орынбасары Сяо И, ҚХР Алматыдағы консулы Чжан Вэй және ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрылым басшылары, KazNARU проректорлары мен ғалымдары қатысты.
KazNARU Баспасөз қызметі