"Мен жастарға зор сенім артамын!" Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты. Форум қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде жастардың осынау инновациялық ізденістерін оң бағалап, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Президенттің пікірінше, мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керек.
"Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Осы орайда мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Жайылғанова кезінде осы бастаманы жүзеге асыруға мол үлес қосқанын атап өткім келеді. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.