KazNARU

«ҚАЗАҚСТАН ОМАРТАШЫЛЫҒЫ: КЕШЕ, БҮГІН ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ

«Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ұйымдастырған бұл халықаралық Форум белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-министрі, «Қазақстанның Еңбек Ері» Терещенко Сергей Александровичті еске алу құрметіне арналды.

✅ «Water Hub KazNARU Халықаралық зерттеу орталығының» базасында екі күнге созылатын аса маңызды басқосуда 5 мемлекеттің, атап айтқанда Польша, Эстония, Қырғызстан, Россия және Қазақстан елдерінің өкілдері қатысуда. Форум омарташылық саласындағы озық тәжірибелермен алмасуға, жойылу алдында тұрған аралардың, жабайы тозаңдандырғыштардың тіршілік ету ортасын бірлесе сақтап қалу мәселелерін талқылауға бағдарланған.

✅ Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, KazNARU Басқарма Төрағасы - ректоры Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының ұйымдастырушылар мен қатысушыларға арналған Құттықтау хаты оқылды.

✅ Басқарма Төрағасы – ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов өз сөзінде мемлекет және қоғам қайраткері Терещенко Сергей Александровичтің Қазақ ауылшаруашылығы институтының (қазіргі KazNARU) түлегі екенін және мемлекеттік қызметтен кейін Қазақстан ұлттық омарташылар одағын құрып, елімізде кенжелеп қалған саланы жаңғыртып, үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтті.

«Біз осынау халықаралық жиын аграрлық сектордың аса маңызды буыны саналатын – ара шаруашылығындағы қордаланған проблемаларды анықтау және олардың шешу жолдарын ұсынатына сенеміз. Осында шетелдік мамандармен қатар, біздің зерттеуші ғалымдары, Ғылыми зерттеу институттарының жетекшілері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, докторанттар мен магистранттар қатысып отыр. Университет басшылығы атынан Форум жұмысына табыс тілейміз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Бұдан кейін «Бал-Ара» Қазақстан ұлттық омарташылар одағының Президенті Терещенко Елена Сергеевна Форумды ұйымдастырушыларға арнап, өзінің жылы лебізін білдірді.

✅ Жиын барысында белгілі ғалымдар мен зерттеушілер: «Water Hub KazNARU Халықаралық зерттеу орталығының» директоры Рябцев Анатолий Дмитриевич, «АПИСЛАВИЯ» Еуропа және Азия ара шаруашылығы ұйымдары федерациясының Вице президенті, «Бал-Ара» ҚҰОО вице президенті Нұраділ Ғабит Нұрәділұлы, Keest Trade Oü Estonia жетекшісі Костина-Киккас Наталья Владиславовна, USAID Trade Central Asia бағдарламасы Өңірлік сауданы дамыту бөлімінің басшысы Нарбаев Сәбит Муталұлы, Пщела-Волядағы ZSR CKZ директорының орынбасары Томаш Кендзера, Қырғыз Республикасы Омарташылар палатасының төрағасы Аббасов Сұлтанбек Анварбекұлы, Well goll logistics KZ ЖШС Бас директоры Бондорева Мария Николаевна, «Аписфера-М» ОКБ бас директоры, Ресейдегі аналық араларды аспаптық ұрықтандыруға арналған жабдықтардың жетекші әзірлеушісі Богомолов Кирилл Викторович т.б. ғалымдар мен мамандар өз ойларын ортаға салды.

✅ Форум аясында панельдік пікірталастар, тақырыптық семинарлар, мамандандырылған жабдықтар көрмесі, қазақстандық бал мен бал сусындарының дәмін тату және т.б. іс-шаралар өткізілуде.

Форум жұмысы ертең жалғасады.

KazNARU Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник