АЛҒАШ РЕТ ҒАЛЫМ-ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ТҰҢҒЫШ ӘЙЕЛ-АКАДЕМИГІ НАИЛЯ БАЗАНОВА АТЫНДАҒЫ МАРАПАТ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғимаратында офлайн/онлайн форматында салтанатты іс-шара өткізді. Оған еліміздің әр өңірінен келген 70-тен астам жетекші ғалым - әйелдер қатысты.
Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде елімізде ғылымды дамытуда арулардың қосқан үлесі орасан зор екендігін және олар ғалымдардың жалпы санының 60%-ға жуығын құрайтынын атап өтті.
Қоғамдағы ғалым-әйелдердің еңбегін лайықты бағалап, отандық ғылымның одан әрі дамуын ынталандыру мақсатында алғаш рет ғалым-әйелдерге арналған Қазақстан мен Орталық Азияның тұңғыш әйел-академигі Найля Базанова атындағы Ұлттық ғылым академиясының арнайы марапаты тағайындалды.
Сонымен қатар, ғылымда, білім беру саласында үздік жетістіктрге жеткені үшін бір топ қайраткер әйелдер Ұлттық ғылым академиясының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Марапат алғандардың қатарында KazNARU Микробиология, вирусология және иммунология кафедрасының меңгерушісі, в.ғ.д., профессор Киркимбаева Жұмагүл Слямбекқызы да бар.
Университет абыройын асқақтатып, жұлдызы жанған әріптесімізді үлкен жетістігімен және мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ғылымдағы алар асуларыңыз бұдан да биік болсын!
KazNARU Баспасөз қызметі