KazNARU

KazNARU-дың КҮНДЕЙ КӨРКЕМ, АЙДАЙ ӘСЕМ ҚЫЗДАРЫ ҮШІН МЕРЕКЕЛІК КЕШ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі қызметкер аналар мен ұстаз аруларды Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, салтанатты кеш шымылдығын ашып, арнайы құттықтады.

✅ Университеттегі қызметкерлердің 60 пайызға жуығы нәзік жандылар. Оның ішінде 23 ғылым докторы, 98 ғылым кандидаты, 56 PhD, 5 факультет деканы, 18 құрылым басшылары бар.

✅ «Сіздер бүгінде қоғамдық өмірдің барлық саласында – соның ішінде, ғылым мен білімде берекелі еңбек етіп, еліміздің өркендеуінің алтын арқауы болып келесіздер. Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы әйелдер еңбегін лайықты бағалау, ана мен отбасын қорғау, рухани қолдау – мемлекеттік саясаттың басты өзегі екенін әрқашан атап айтып келеді. Ендеше, бүгінгі тәуелсіз Отанымызда әйелдердің алатын орны әрқашан төрде! Мерекелеріңіз құтты болсын!», - деді университет басшысы.

✅ Халқымыз «Жұмақ – Ананың ізінде, шуақ – Ананың көзінде» деген. Бұл өмір тек аналармен ғана нұрлы, арулармен ғана мәнді. Батырдың ерлігіне, ақынның өлеңіне, сазгердің сазына, суретшінің қиялына шабыт беретін, ер-азаматтарды рухтандыратын – бүкіл адамзат тірлігінің иесі де, киесі де әйелдер қауымы екені заңдылық.

✅ «Жалпы, бірқатар басшылық қызметтерде болғанымда менің байқағаным – әйелдер жүрген жерде әрқашан Жеңіс те, Жеміс те, Бақ та, Береке де қатар жүреді! Ол ақиқат! Соның бір дәлелі – біздің Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде болып жатқан игі істер!» - деген Ақылбек Қажығұлұлы еселі еңбегімен көш бастаған бір топ профессор оқытушылар мен қызметкерлерге марапаттар табыстады.

✅ Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма Төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Бастаубаева Шолпан Оразқызы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Президентінің Құрмет грамотасына ие болса, KazNARU Трансформация офисінің жетекшісі Алексеева Марина Александровна, "Микробиология,вирусология и иммунология" кафедрасының меңгерушісі Киркимбаева Жумагүл Слямбекқызы, «Технология және азық-түлік өнімдері қауіпсіздігі» кафедрасының меңгерушісі Мамаева Лаура Асылбекқызы, Аппарат басшысы Базарбаева Жазира Аманкелдіқызы, Ғылыми кітапхананың директоры Айтуарова Азиза Малдыбайқызы сияқты т.б. университет қабырғасында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп жүрген ондаған арулар «Айырықша еңбегі үшін» төс белгісімен және Алғыс хаттармен марапатталды.

✅ Аналар мерекесіне Париж қаласында өткен Халықаралық «Fiestalonia» байқауының лауреаты, вокал ұстазы Алия Шаймерденова жетекшілік жасайтын «Smart» арт мектебінің кішкентай өнерлі балапандары «Ана» әнін тарту етті.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, эстрада жұлдызы Нұрлан Еспанов, заманауи үлгіде жасалған электрлік аспаптарда өнер көрсететін «Diamond» дуэті, музыкалық жетекші Қуат Иманов пен университеттің талантты студенттерінен құралған «Алтын дән» вокалды - аспапты ансамблі, мың бұралған бишілер тобы, бал бармақты домбырашылар өз өнерлерімен кеш қызығын жалғастырды.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник