KazNARU ҒАЛЫМДАРЫ ЗАҢСЫЗ ЖЕКЕГЕ ӨТКЕН ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ҚАЙТАРУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі студенттер қалашығына қарасты жер телімінің кезінде заңсыз жеке меншікке өтіп кеткені, ірі құрылыс компаниясының сол жерге көп қабатты бес тұрғын үй салып, ақша табуды ғана көздеп отырғаны туралы жанайқайы мен жер телімін университетке қайтару барысындағы азаматтық позициясын біз қолдаймыз.
Бұл мәселе біздерді, яғни университет ғалымдарын қатты алаңдатуда. Өйткені бұл құрылыс студенттер қалашығының тұтастығына нұқсан келтіруде. Ауқымды жер аумағының қоршалауы қолайсыздық келтіріп отыр.
Сонымен қатар қоршалған жер теліміндегі іргетасы жартылай қаланған құрылыстың шеттері опырылып, жақын жерде орналасқан оқу ғимараттары, жатақханалар мен стадионға үлкен қатер тудырып тұр.
Қаламызда болған жер сілкінісі онсыз да опырыла бастаған құрылысты одан ары қозғап, артының апатқа соқтырмасына кім кепіл?
Ел ертеңі – жастарымыздың білікті маман болып шығуы үшін сапалы білім керек екені анық. Сапалы білім мықты материалдық базаға барып тіреледі.
Заңсыз алынған жер телімі студент жастардың құқына қол сұғумен бірдей екенін айтып дабыл қаққан депутат Ерлан Сайыровтың игі іс-әрекетін құптаймыз. Мәселенің оң шешімін табатынына сенімдіміз!
KazNARU ғалымдары