KazNARU

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ РУХАНИЯТЫН ДАМЫТУ – ОРТАҚ ПАРЫЗ

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев Қазақ ұлтық аграрлық зерттеу университетінің базасында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.

✅ Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы арасында ынтымақтастық туралы Меморандум қабылдау туралы келісім жасалды.

✅ Түркі мемлекеттерінің интеграциясын басты мақсат тұтатын бұл халықаралық ұйым 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда Түркия, Қазақстан, Қыр¬ғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан мемлекеттері Мәдениет министрлерінің кездесуіндегі өзара келісімшарт негізінде құрылды. Кейіннен бұл келісімшартқа Татарстан, Башқұрт¬стан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы қосылды. «ТҮРКСОЙ» ұйымының офисі Түркияның астанасы – Анкара қаласында орналасқан.

✅ «Түркі халықтарының арғы негізі біздің Ұлы даладан тараған. Тілінде сәл ғана өзгешелік болмаса, біздің түпкі тегіміз, мәде¬ниетіміз бір. Уақыт толқынында түрлі объективті себептермен жан-жаққа тарап, бір-бірімізден ажырап қалдық. Қазіргі кезеңде өткенімізді тану және рухани ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан осы ұйымға мүше мемлекеттердің тарихшылары, ғалым зерттеушілері, әдебиетшілері үлкен істерді қолға алып жатыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы да осы игілікті шаруаларды қолдайды және бірге қызмет жасауға мүдделі. Сондықтан, «ТҮРКСОЙ» басшылығына сайлануыңызбен өзіңізді құттықтай отырып, алдағы уақытта ғылым мен білімді бірлесе дамыту саласында ынтымақтастық орнатамыз деп сенемін», - деді ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев.

✅ Өз кезегінде Сұлтан Раев түркі дүниесінің мәдениетін, өнерін, әдебиетін, тарихын насихаттау бағытында тынбай жұмыс істеп келе жатқан ұйымның соңғы жылдары атқарған нәтижелі қадамдары туралы айта келіп, бауырлас халықтардың шет тілдеріне аударылып жатқан әдеби шығармаларына тоқталды.

✅ «Біз қазақтың ұлылары – Абайдан бастап, Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы, Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы сияқты күллі түркі жұртын рухани серпілткен, тағылымы мол іс-шараларды ұйымдастырдық, соңындағы асыл мұраларын бірнеше тілге аударып жарияладық. Әлі де руханият саласында көздеген стратегиялық жоспарымыз бен ортақ мақсаттарымыз көп. Түркі дүниесіне қатысты тарихи мәселелерді зерттеуге, қазақ даласындағы таңбалы тастағы суреттер галереясын танытуға, көне жазуларды оқуға, басқа да ғылыми байланыстарды нығайтуға белсенді атсалысамыз. Сол үшін өздеріңізбен ақылдасуға арнайы келіп отырмыз», - деді «ТҮРКСОЙ» басшысы Сұлтан Әкімұлы.

✅ Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы арасында ынтымақтастық туралы Меморандум қабылдау туралы келісім жасалды.

✅ Кездесуге «ТҮРКСОЙ» ұйымының арнаулы өкілі Тимур Даулетов, Бас хатшының кеңесшілері – Қайрат Мұқанов пен Борубай Сабыр, KazNARU Халықаралық қатынастар мен стратегиялық даму проректоры Рафис Абазов, Баспасөз қызметінің жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайым-Мұнар Табеев қатысып, өздерінің ұсыныстары мен ой-пікірлерін бөлісті.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник