KazNARU

KazNARU мен ШЫХЫЦЗЫ УНИВЕРСИТЕТІ (ҚХР) СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ЖӨНІНДЕГІ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

2024 жылғы 12 наурызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне Қытайдың Шыхыцзы университетінің арнайы делегациясы келіп, университет басшылығымен, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Кездесу барысында KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор Ақылбек Күрішбаев пен Шыхыцзы университетінің Ректоры Дай Бинь арасындағы жасалған келісім бойынша «Өзара түсіністік туралы Меморандумға» қол қойылды.

Меморандум аясында оқу орындары арасындағы білім беру, студенттер алмасу және ғылыми-зерттеулер, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы ынтымақтастықты одан ары дамыту мақсаты қамтылған.

KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық, ғылыми және мәдени байланыстардың дамуына тоқталып, екіжақты қарым-қатынастардың күшейіп келе жатқанын және ЖОО-лар арасындағы кездесудің екінші рет болып отырғанын атап өтті.

«У Сянвэй мырза, Алматыға қош келдіңіздер! Біздің университетіміз Шыхыцзы университетімен бұрыннан жақсы байланыс орнатып, сенімді әріптестердің бірі болып отыр. Былтырғы жылы Шыхыцзы университетінің Ауылшаруашылығы колледжінен үлкен делегация келген болатын. Олар біздің зерттеуші ғалымдарымызбен бірлесе атқарылатын жұмыстардың жоспарын жасауға қатысты. Енді міне, сол ынтымақтастықты одан ары кеңейтуге, ғылыми-зерттеу саласында тәжірибе алмасу, экологиялық сапалы өнімдер алуды қамтамасыз ету және экспортқа шығару, мамандандырылған бір ҒЗИ базасында қытай технологияларына бағдарланған Агротехнопарк құру, нарықтық бәсеке талабына сай қабілетті мамандарды бірлесе дайындау сияқты халықаралық жобаларды дамытуға бірлесе күш саламыз деп сенеміз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

KazNARU ғалымдары соңғы жылдары Қытайдың цифрлы технология, IT технология және биотехнология саласындағы инновациялық және технологиялық жетістіктерімен жақын танысып, озық әдістерін үйрене отырып, бірлескен зерттеу жұмыстарын қолға алуда. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа тұқымдарын өсіру, мал шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді зерттеу, су үнемдеу құрылғыларын жасайтын компаниялармен тығыз ынтымақтастық жасау жолдары күн тәртібінде тұр.

Өз кезегінде делегация басшысы, Қытай Компартиясы тұрақты комитетінің мүшесі, Шыхыцзы университетінің проректоры У Сянвэй Қытай мемлекетіндегі жоғары оқу орындары арасында жетекші орын алаитын аграрлық білім ордасы туралы баяндап өтті.

«1949 жылы құрылған Шыхыцзы университетінде бүгінде 2721 қызметкер жұмыс істейді, 32 мың білім алушы оқиды, оның 23 мыңы бакалавриат студенттері, 8 мыңы магистранттар, 500-і шетелдік студенттер. Біздің бірлескен ғылыми жобаларымыз болашақта технологиялар трансфертін, энергетика және экология ғылымы сияқты салалардағы әлеуетті арттыра отырып, инновацияларды дамытуға, жалпы екі елдің аймақтық өркендеуіне өзіндік үлесін қосады деп ойлаймыз. Ауыл шаруашылығы үшін білікті кадрларды бірлесе даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүзеге асыру мәселесін де бүгін жан-жақты пысықтайтын боламыз», - деді У Сянвэй.

Тараптар «Өзара түсіністік туралы Меморандумға» қол қоя отырып, ауыл шаруашылығындағы инновацияларды бірлесе пайдалану, мамандар мен ғалымдардың тәжірибе алмасуын нақтылау, екі дипломдық білім бағдарламасы бойынша бірлескен жұмыс жоспарын қабылдауға дайын екендіктерін білдірді.

Кездесуге Шыхыцзы университетінің Халықаралық алмасу және ынтымақтастық бөлімінің бастығы Цзин Минся, Зоотехника мектебі директорының орынбасары Шэн Цзинлянь, Медицина мектебі директорының орынбасары Ван Лянхай, университеттің бірінші қосалқы ауруханасы директорының орынбасары Ван Ли, Халықаралық алмасу және ынтымақтастық бөлімінің қызметкері Мао Юньюнь және KazNARU басшылары мен декандар, ғалымдар қатысты.

Қонақтар KazNARU-дың инфрақұрылым жүйесімен және ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметімен танысып, жоғары баға берді.

KazNARU Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник