KazNARU БАСШЫЛЫҒЫ ҚЫТАЙ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
2024 жылғы 01 сәуірде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев Пекиндегі Huinong Information Consulting Co., LTD компаниясының төрайымы Мингмей Ванг бастаған ірі қытай компанияларының өкілдерімен кездесті.
Бұл кездесу жалпы «Жылыжай, көкөніс шаруашылығы, суару, бау-бақша, гүл өсіру, ландшафт және дизайн, жеке нысандардағы жеміс-жидек дақылдары, өсімдік питомниктері» атты 14-ші Халықаралық көрмесі аясында өтіп отыр.
Кездесуге ҚХР жағынан Гуочэн Цзу - «Дунфан Инбао Юнайтед Технология», Синьян Чжу - «Dabeinong Technology Group», Лиминг Ченг - «Гуанман жаңа материалдар өндірісі», Юншэн Ван Юян - «Тяньцзинь құрылыс материалдарының технологиясы», Вичжу Цуй Чжэцзян - «Пукан Ауылшаруашылық технологиялық компаниясы», Синьсин Чжан - Бейжіңдегі "Хуайнонг" ақпараттық консалтингтік компаниясы, Сяоян Ма - Пекиннің "Цзиньва" ауылшаруашылық ғылымы мен техникасының инновациялық орталығы сияқты ірі өндірістік ұйымдардың жетекші қызметкерлері мен мамандары қатысты.
KazNARU тарапынан проректорлар, құрылымдық жүйелердің басшылары, Қазақ-Қытай орталығының жетекшісі, зерттеуші ғалымдар қатысып, «Екі елдің аграрлық ғылымы мен технологиясын дамыту» тақырыбында пікір алмасты.
Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев екі елдің арасындағы ғылыми байланыстарды одан ары тереңдету, ауыл шаруашылығы саласындағы бірлесекен зерттеулер нәтижелерін агроөндіріске енгізу, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, оқытушылар мен студенттер алмасу және сапалы кадрлар даярлау бағыттары бойынша оқу ордасында атқарылған жұмыстармен таныстырды.
KazNARU Халықаралық қатынастар мен стратегиялық даму жөніндегі проректоры Рафис Абазов университеттің басты мақсаты – оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, «білім – ғылым – өндірістік тәжірибе» бағытындағы ғылыми зерттеу оқу орнына айналу екенін атап өтті.
«2023 жылы Қытай елінің ҚХР Ғылым академиясы, Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылым академиясы, Пекиндегі Ауыл шаруашылығы университеті, Сычуан, Хынань, Шихыцзы сияқты университеттерден 12 делегация келіп қайтты. Біздер де шақырумен барып, бірқатар нақты істерге қол жеткіздік. Мысалы, Солтүстік-Батыс университеті су үнемдеу және сортаңдалған топырақтарды қалпына келтіру бойынша KazNARU базасында сынақ алаңын жасауға ниет білдіріп отыр. Осындай бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бізідң университетте жүргізуге сіздерді де шақырамыз», - деді Рафис Абазов.
KazNARU базасындағы «Интенсивті бақ» Қазақстан-Нидерланды орталығының жетекшісі Гүлмира Кампитова аумағы 1,5 га болатын орталықтың жеміс-жидек дақылдарының жаңа сорттарын өсіретін және жеміс шаруашылығында инновациялық технологияларды енгізу бойынша тәжірибелік демонстрациялық алаң екендігіне қонақтардың назарын аударды.
«Біздің алдымызда Қазақстан-Нидерланды орталығының тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа кеңінен тарату және ғалымдарымыздың әзірлемелерін өндіріске енгізу міндеті тұр. Біз Қазақстан фермерлеріне Нидерланд технологиясы бойынша заманауи бақтар салу және оларға күтім жасау бойынша көмек көрсетуді мақсат тұтамыз. Біздің білім алушыларымыз осында тәжірибелік сынақтардан өтіп, теориялық білімдерін практикамен ұштастырады. Сіздер осы орталықтың жұмысымен кеңірек танысасыздар деп ойлаймын», - деп атап өтті ол.
Өз кезегінде ҚХР делегациясының басшысы Мингмей Ванг ханым KazNARU мен қытайлық серіктестер арасындағы барлық бастамаларды қолдауға дайын екендігін білдірді. Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында университеттегі білім алушыларды күншығыс еліндегі әлемге белгілі ауылшауашылығы компанияларында тәжірибеден өтуге шақырды.
«Біздің Huinong Information Consulting Co., LTD компаниясы ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мемлекеттік ірі өндірістік ұйым болып табылады. Біздің құрылымда ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін 500-ден аса өндірістік және агросектордың ірі өкілдері бар. Біз Қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты одан ары дамыту мүмкіндіктерін қарастырып, ұзақ мерзімді перспективалы жобалар ұсынамыз. Соның бірі – KazNARU базасында қытай өндірістік инновациясы үлгілеріне негізделген көпсалалы Технопарк құру. Бұл туралы өздеріңізбен қосымша тағы да ақылдасамыз», - деді Мингмей Ванг.
Кездесу барысында ынтымақтастықты дамыту туралы Меморандум қабылдау, ғылым мен өндірісті халықаралық талаптарға сай жақындастыру, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, фермерлерге нақты қолдау көрсету, күн мен жел энергиясын тиімді пайдалану, жылыжай өндірісін дамыту, сапалы көкөніс өндіру сияқты т.б. өзекті мәселелер талқыланды.
Қонақтар кезедсу барысында университеттің құрылымдық жүйелерімен, атап айтқанда Агро Хаб, Су Хабы ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметімен танысып, ондағы атқарылып жатқан ғылыми жұмыстарға жоғары баға берді.
KazNARU Баспасөз қызметі