ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ – БАРШАНЫҢ ПАРЫЗЫ
Қазақ ұлтық аграрлық зерттеу университетінің студент жастары арасында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған аранйы дәріс өтті.
Іс шараға Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының мамандары және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Қаңтарбаева Жанна Орынбасарқызы, KazNARU студенттік омбудсмені Мақсат Иманбеков, университеттің тәрбие ісі жөніндегі мамандары мен студент жастар қатысты.
Кездесудің модераторы KazNARU жастар жөніндегі комитет жетекшісі Әшірәлі Сманов діни экстремизм мен терроризмнің әлеуметтік көрініс ретіндегі мәнін, олардың қоғамда көрініс беру себептерін, сондай-ақ жастар ортасында таралмауға көпшілік болып тойтарыс беру қажеттігін түсіндіріп өтті.
«Мұндай тақырыптық іс-шаралар діни экстремизм мен терроризм идеологиясына деген жастардың қарсылығы мен күрес механизмдерін қалыптастыру мақсатында өткізіледі. Жас ұрпақты радикалды экстремистік ұйымдардың ықпалынан сақтау және оған қарсы әрекеттердің бірлесе жүргізілуіне мүмкіндік береді. Сол үшін университетімізге осы саланың бірнеше білікті мамандары келіп отыр», - деді ол.
Бұдан кейін Алматы қаласы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Жанна Қаңтарбаева діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, білім алушылар арасында діни сауаттылықты арттыру, дін туралы және жалған діни ағымдардың зияндылығы туралы баяндадамасын ұсынды.
«Рухани-адамгершілік құндылықтар мен дәстүрлерді жастар бойына сіңіру діни экстремизмге қарсы көзқарасты қалыптастыруға жәрдемдеседі. Қазіргі таңда жасөспірімдердің осы салаға еліктеушілігін болдырмау мақсатында осындай қоғамдық көпшілік шаралар жиі өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, жастардың әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалануын ескертеміз», - деді спикер.
Пікір қосушылар электрондық түрдегі кітаптарға өте мұқият болу керектігін және жат ағымды насихаттау осындай арандатушылық тұрғыдағы жазба дүниелерден бастау алып жатқандығын ортаға салды.
Қонақтар мен студент жастар арасында қозғалған діни тақырып бойынша ашық диалог өтті, онда қойылған сұрақтардың барлығына нақты жауаптар берілді.
KazNARU Баспасөз қызметі
Сурет: Ботабеков Мамыржан@kaznaru