KazNARU

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМЫ МЕН БІЛІМІНІҢ АБЫЗ АРДАГЕРІ 70-тің БЕЛЕСІНДЕ


✅ Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі Оспанов Әбдіманап Әбубәкірұлы мерейлі  70 жасқа толып отыр.

Біз өзіңізді университетіміздің мақтанышы, ізгі жүректі әріптес, ғылым қайраткері, ұлағатты ұстаз, ғылымдағы биіктерді бағындырған танымал тұлға ретінде жақсы білеміз және қадірлейміз!

✅Сіз өзіңіздің ұйымдастырушылық және іскерлік қабілетіңізбен баршаға үлгі болып, «Тағам инженериясы» кафедрасының ұстаз профессоры ретінде университетіміздің жаңа заманға лайықты жаңғырып дамуына, ауыл шаруашылығы секторы үшін білікті де, білімді, сапалы кадрлар даярлау саласында 15 жылдан бері өнегелі істерге жетекшілік жасап келе жатырсыз. 

✅Сіздің жетекшілігіңізбен алғаш рет KazNARU-да «Қайта өңдеу өндірістері технологиясы ғылыми-зерттеу орталығы» құрылғанын біздер мақтаныш тұтамыз. Соның нәтижесінде, астық және оның өңделген өнімдері технологиясы; нан және нан өнімдерін пісіру технологиясы; тағамдық өнімдердің экструзиялық технологиясы саласына маманданған жас ғалымдар, магистранттар мен PhD докторанттар білімін шыңдауда.

✅ Өзіңіз де Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор ретінде жеке ғылым жолында зор табыстарға жетіп, отандық техника ғылымын әлемге танытуда бастамашы болып жүрсіз. 

500-ден аса ғылыми еңбектердің иегері, оның ішінде Web of Science және Scopus Халықаралық ақпараттық ресурстарына енгізілген нөлдік емес импакт-факторы бар журналдардағы 20 ғылыми мақаланың, 12 монография (1-уі ағылшын тілінде), 9 оқу құралы (3-уі ағылшын тілінде), ҚР БҒМ белгісімен басылған 2 оқулық, 3 интеллектуалды меншік межесін мемлекеттік рәсімдеу куәлігі мен 60-тан аса өнертабыстың авторы атандыңыз.

✅Сіз осы кемел жасқа үлкен абырой, тың жігер, жарқын көңілмен келіп отырсыз. «Құрмет» ордені, көптеген үкіметтік және ведомостволық медальдармен марапатталып, ҚР БҒМ «Үздік ЖОО оқытушысы», Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының Құрметті азаматы атандыңыз.

Еліміздің жарқын болашағы мен университетіміздің өркендеуі үшін жасап келе жатқан қажырлы еңбегіңіз жемісті болсын!

✅Бүгінгі 70 жасқа толған мерейлі туған күніңізде өзіңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, қызметіңізде жаңа табыстар тілейміз!
 
Ізгі ниетпен           KazNARU ұжымы

---------Chatbot---------
виртуальный помощник