KazNARU ОГАЙО ШТАТЫ УНИВЕРСИТЕТІМЕН (АҚШ) БЕЛСЕНДІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДА
Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығы американдық делегацимен кездесті. Делегация құрамында Огайо штаты Университетінің Білім және адам экологиясы факультетінің деканы, доктор Дональд Поуп Дэвис, заңгер, экономист, педагог және қоғам қайраткері Хью Холман; Білім және ғылым саласындағы маман, кәсіпкер Дэниель Пам; Огайо Университеті мен Аризона штатының Қазақстандағы өкілі Айсұлу Әбдібаева бар.
Іс-сапардың мақсаты – KazNARU дамуындағы білім беру және ғылыми жетістіктерімен танысу, ынтымақтастық байланысты нығайту, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүргізу бойынша өзара іс-қимылды үйлестіру.
Kaznaru Басқарма төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы өз сөзінде соңғы уақытта АҚШ университеттерімен әріптестік қатынастар кеңінен дамып келе жатқанын атап өтті.
«Бұл жаңа қадамдар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық өзара іс-қимылдарды бірлесе жүргізу, инновациялық жаңалықтарды агросектор саласына терең енгізу үшін тың серпін береді. Мысалы, мен жақында Небраска-Линкольн университетінің басшылығымен кездестім, олар агротехнология саласындағы заманауи жобаларды, ғылыми зерттеулерді әзірлеу мен жүзеге асыруда көшбасшы оқу орны болып табылады. Қазақстан әлемдегі ең ірі аграрлық-индустриялық елдердің бірі екендігі белгілі. Ал, ғылыми тұрғыдан дамыған агроөнеркәсіптік сектор елдің ішкі ресурстарына ғана емес, оның сыртқы нарықтардағы беделіне де тікелей әсер етеді. Сондықтан, сіздерді бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және ауыл шаруашылығында аса маңызды ғылыми зерттеулерді енгізуге шақырамыз", - деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.
Огайо штатының университеті көптеген жылдар бойы KazNARU-мен әртүрлі бағытта, соның ішінде вакциналарды зерттеу және әзірлеу бойынша ынтымақта жұмыс істеп келеді келеді. Қазіргі уақытта біздің бір докторант Огайо штатының университетінде тағылымдамадан өтуде.
Өз кезегінде, доктор Дональд Поуп Дэвис Огайо штатының университетінің қызметі туралы егжей-тегжейлі хабардар етті және алдағы уақытта екі дипломдық білім беру, студенттер, оқытушылармен алмасу және адам өміріне қажетті вакциналарды бірлесе әзірлеп зерттеуге қызығушылығын атап өтті.
Сондай-ақ, қонақтар Петропавлда екі дипломдық білім бойынша кампус ашқан Аризона университетімен де серіктестікті дамыту мүмкіндігі барын жеткізіп, ақылды фермалар бойынша бірлескен зерттеу жүргізуді ұсынды.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім және ғылым саласындағы ақпараттық және консультациялық сүйемелдеу бойынша жемісті өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастыру туралы ортақ пікірге келді.
Американдық делегация Вагенинген университетімен жұмыс жөніндегі Институтқа, Өсімдіктер мен ағаштарды микроклоналды көбейту зертханасына, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығына, Агротехнологиялық хабқа барып, олардың ғылыми қызметтерімен танысқаннан кейін KazNARU басшылығына сындарлы және пайдалы кездесу үшін алғыс білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі.