KazNARU

Университетіміздің факультеттері арасында «Ең үздік куратор» анықталуда

Университетімізде тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру және топ кураторларының  жұмысын ынталандыру мақсатында 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап «Жыл кураторы» конкурсы жарияланып, конкурс Ережесіне сәйкес 1-30 сәуір аралығында «Факультеттің ең үздік кураторы» анықталуда.

Бірінші кезеңде конкурсқа қатысып жатқан кураторлар өздерінің топ білім алушыларымен ашық тәрбие сағаттарын өткізіп, белсенділік танытуда.

Атап айтсақ, «Агробиология» факультеті бойынша 11 сәуір күні «Жеміс-көкөніс, өсімдіктерді қорғау және карантин» кафедрасының қауым. профессоры, а-ш.ғ.к. Раимбекова Бақтыгүл Тасболатқызы өзі жетекшілік ететін ЗР-20-08К, ЗР-20-09К, ЗР-20-10Р топ студенттерімен бірлесе Алаш арысы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай «Сырлы сөздің саңлағы» тақырыбында әдеби-сазды ашық куратор сағатын өткізіп дала дауылпазы атанған көрнекті қоғам қайраткерінің тұлғасын ашуға тырысты. 12 сәуір күні «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының аға оқытушысы, магистр,  АГ-20-01К, АГ-20-02К топтарының кураторы Барлықова Нұрлыхан Әділханқызы өткізген дөңгелек үстел  ұлтымыздың ұлы перзенті, әйгілі ғалым. Қазақ КСР Ғылым Академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақстандағы ғылыми және техникалық дамудың көшбасшысы, қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды.  

16 сәуір күні «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының қауым. профессоры, а-ш.ғ.к. Құланбай Қаламқас Жанабекқызы ұйымдастырған «Біз - Қазақстанның болашағымыз!» атты дөңгелек үстелде  еліміздің болашағы – заманауи жастардың мамандық игерудегі жауапкершілігі, ғылым-білімге деген құштарлығы, саяси-әлеуметтік белсенділігі мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстелге АГ-21-01К, АГ-21-02К, АГ-21-02П топ студенттері қатысты. Ал «Топырақтану, агрохимия және экология» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Жаманғараева Айгүл Нұрданқызы өткізген«Мен оқыған бір кітап» атты ашық тәрбие сағаты  23 сәуір - Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналды.

«Инженерлік-техникалық» факультеті бойынша 17 сәуір күні И.В.Сахаров атындағы «Машина пайдалану» кафедрасының профессоры Сафаргалиев Алмас Ерболатұлы «Төтенше жағдайлар және адам қауіпсіздігі» атты ашық сағатында қазіргі таңда өзекті болып отырған төтенше жағдайлар, табиғи апаттар кезінде адамның қауіпсіздігі мен қорғану тәсілдеріне шолу жасады. Ашық тәрбие сағатына УПП-23-04К, ЛГ-22-15К топ студенттері қатысты. 24 сәуір күні  1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Ынтымағы жарасқан туған өлкем - Қазақстан» тәрбие сағаты «Энергия үнемдеу және автоматика» кафедрасының аға оқытушысы Демесова Сәуле Талғатқызының ұйымдастырылуымен өткізілді.

«Ветеринария» факультеті бойынша конкурсқа қатысып жатқан «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының қауымд. профессоры, в.ғ.к. Усмангалиева Сымбат Сүттібайқызы «Мен оқыған бір кітап» атты ашық сағатты  ВС-20-12К, ВС-20-13К, ВМ-22-01К, ВМ-504К топтар   студенттерімен бірлесе өткізді, ал Н.У.Базанова атындағы «Физиология, морфология және биохимия» кафедрасының аға оқытушысы, в.ғ.к. Ерназарова Сандуғаш Түкенқызы «Кітап - сарқылмас рухани қазына» атты ашық сағатты өзінің ВМ-22-02К топ студенттерімен өткізді. Екі іс-шара да рухани байлық көзі болып табылатын кітаптың адам өміріндегі орнын зерделеумен байланысты болды.

Конкурстың бірінші кезеңі 30 сәуірге дейін жалғасады, факультеттен үздік деп танылған кураторлар  келесі кезеңге қатысып, мамыр айының соңында жеңімпаздар анықталатын болады. 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник