KazNARU

KazNARU БАСШЫСЫ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢДЕГІ МІНДЕТТЕРІН БЕЛГІЛЕП,  ЕҢБЕК ТӘРТІБІН КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ

2024 жылдың  26 сәуірінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппарат мәжілісінде оқу ордасын дамыту, білім беру және ғылым саласындағы жұмыстарды, инфрақұрлымды жанғырту бағытындағы жетістіктер атап өтіліп, сонымен қатар, кемшіліктер де ашық талқыланып, оларды шешу жолдарын бірлесе айқындау ұсынылды.

✅«Университеттің ең басты міндеті – студенттерге заманауи сапалы білім беру. Әлемдік деңгейдегі озық жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сүйене отырып, біз білім алушыларымыздың білікті маман ретінде шыңдалуы үшін оқу процестерін жетілдіріп, барлық әлеуметтік мүмкіндіктерді жасап отырмыз. Студенттеріміз күрделі жөндеуден өткен жайлы жатақханаларда тұрып, кең де жарық аудиторияларда білім алуда. Интерактивті технологияларды пайдалану аясын кеңейті үшін университет бюджетінің есебінен 100 млн. теңгеге интерактивті тақталар мен проекторлар орнатылды. 2023-2024 оқу жылында шетелдік таңдаулы ғалымдардың дәрістерін тыңдауды қамтамасыз ету мақсатында Coursera Халықаралық платформасына көштік. Білім беру бағыттары бойынша инновациялық жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі жалғастыруды тапсырамын», - деді өз сөзінде Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ Ректор бұдан ары Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2024-2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқанын және осыған орай ғылыми-зерттеу мен білімді біртұтас жүйеге айналдыру бағытында 26 млрд теңге қаражат қарастырылғанына тоқталды. 

«Бұл оқу ордамыздың тарихында алғаш рет болып отырған елеулі оқиға. Университетті дамыту туралы бұл маңызды құжат Ауыл шаруашылығын кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына да еніп отыр. Яғни, университетіміз бен 4 ҒЗИ және бір тәжірибелік шаруашылықтың интеграциялануына, әрі тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалып отыр. Біздің міндетіміз – осы берілген мүмкіндікті толық пайдаланып, KazNARU-ды әлемдегі озық аграрлық зерттеу университетке трансформациялануын жеделдету. Осы мақсатты орындауға күш біріктірулеріңізді сұраймын», - деді университет басшысы.

✅  Биылғы жаңа оқу жылынан бастап, KazNARU онлайн-оқу жүйесінде студенттер қабылдай бастайды. Оқыту жүйесінде 2024 жылдан бастап «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» білім беру топтарына қабылдауда шекті балл 65-тен 50 баллға түсірілді. Бұл да Үкімет пен министрліктердің қолдауымен жүзеге асырылатын игілікті істің бастамасының бірі.

✅   Соңғы жылдары халықаралық байланыстар нығайып келеді. KazNARU базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын даярлау жөніндегі филиалын ашу бағытындағы жұмыстар басталып кетті. KazNARU-дың 15 студенті осы бағдарлама аясында Ташкентте білім алуда. Сонымен қатар, алдағы 5 жыл ішінде экономиканың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жыл сайын 800 су маманын дайындау міндеті тұр.

✅  АҚШ-тың жетекші оқу орны Небраска Линкольн Университеті мен KazNARU арасында «Жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастық пен әріптестікті дамыту туралы келісімге» қол қойды. 

✅ KazNARU базасында қытайлық Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су тасқынын болжау мақсатында су ресурстарын ақылды басқару үшін "Цифрлық зертхана" құру бойынша жұмыстар қолға алынды. Бұл жаңа жүйе су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды нақты жоспарлауды және жүзеге асыруды қамтиды.

Осы аталған келісімдер университеттердің агрономия, табиғи және су ресурстарын басқару саласында екі дипломдық білім беру бағдарламасын құру бойынша ынтымақтастықты көздейді. 

✅ «Біздің тағы бір үлкен міндетіміз – студенттерге біліммен қатар дұрыс тәрбие беру. Өкінішке орай, бірқатар студенттеріміз мойнында игерілмеген кредиттері, академиялық қарыздары бар болғандықтан, қорытынды аттестацияға жіберілмейтін болып отыр. Оқытушылардың дәріс беруге кешігіп баратындығы, сол сияқты кейбір студенттердің сабаққа келмейтіндігі  анықталды. Осыған байланысты, оқу орнындағы қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау бойынша барлық декандар мен Тәрбие жұмысы  жөніндегі департаментке алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырамын», - деді Ақылбек Күрішбаев. 

✅   Жиын қортындысында талқыланған мәселелер бойынша проректорлар мен аппарат жетекшісіне, факультет декандары мен құрылым басшыларына қабылданған тиісті шешімдердің сапалы орындалуын қадағалау тапсырылды. 

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник