АЛМАТЫДА БАҚТАР ГҮЛДЕДІ
Алматының көктемі керемет қой, шіркін!
Айналаң мың бояумен құлпырып, ғажайып жап-жасыл әлем жаныңызды баурап алады. Әсіресе, қаланың шулы өмірінен уақыт тауып шығып, тау бөктеріндегі әсем табиғатты көрсеңіз, көңіліңіз әп-сәтте жадырап сала береді.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде білім алып жүрген болашақ жас аграномдар тұмса табиғаттың осы бір қайталанбас сәттерін күн сайын көріп, гүлдер мен жеміс ағаштарын мәпелеп, практикалық дәрісті тамаша көңіл-күймен жалғастырып жүр.
KazNARU базасы саналатын «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы Алатаудың баурайындағы Талғар ауданы Байбұлақ ауылында орналасқан.
2019 жылдан бастап аумағы 1,5 га болатын «Интенсивті бақ» Қазақстан-Нидерланды орталығы жұмыс істейді және Нидерланд технологияларын пайдалана отырып, жеміс-жидек дақылдарының жаңа сорттары мен тамыр сабақтарын өсірудегі инновацияларды пайдалануды қамтамасыз етеді.
«Қазіргі уақытта «Агробиология» факультетінің «Жеміс-көкөніс шаруашылығы», «Өсімдік қорғау және карантин», «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар» білім беру бағдарламасымен оқитын 2-3 курстың 47 студенті көктемгі өндірістік практикадан өтуде», - дейді факультет деканы Ержан Абилдаев.
Мұнда студенттерге ауыл шаруашылығы, жеміс-көкөніс шаруашылығы және өсімдік қорғау саласындағы теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға барлық қажетті жағдай жасалынған.
KazNARU Баспасөз қызметі.