KazNARU

МАМЫР МЕРЕКЕЛЕРІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ KazNARU-дағы ҚУАНЫШТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Мамыр мерекелерінің қарсаңында Астана жақтан оқу ордамыз үшін екі үлкен жаңалық келіп жетті.

✅ Оның біріншісі – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2024-2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, ғылыми-зерттеу мен жоғары білім беруді біртұтас жүйеге айналдыру бағытында 26 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.

Университет тарихында бұрын-соңды болмаған бұл ауқымды жобаның жоғары деңгейде қабылданып, және оның еліміздегі Ауыл шаруашылығын кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енуіне үлкен қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығына KazNARU ұжымының ризашылығы шексіз.

✅ Осындай нақты қолдау арқылы отандық ЖОО-ны әлемдегі озық аграрлық зерттеу университетіне трансформациялануын жеделдетуге мүмкіндік туып отыр. Қазірдің өзінде халықаралық тәжірибелерге сәйкес, ғылым – білім – өндіріс жүйесі негізінде KazNARU, 4 ҒЗИ және бір тәжірибелік шаруашылық қосылып, сапалы зерттеу университетінің жаңа деңгейіне көтерілді. Мақсат – әлемдік деңгейдегі жетекші оқу орындарының қатарынан көріну.

✅ Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар да жасалынуда. Жуырда KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректоры Ақылбек Күрішбаев АҚШ-қа сапары барысында елдің жетекші оқу орны Небраска Линкольн Университетінің Басқарма Төрағасы – Регент, профессор Родни Беннмен кездесіп, екі ЖОО арасында «Жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастық пен әріптестікті дамыту туралы келісімге» қол қойды. Бұдан басқа да Европаның, Шығыс Азияның бірқатар озық университеттерімен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілуде.

✅ KazNARU базасында қытайлық Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су тасқынын болжау мақсатында су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана» құру, «Ташкент Ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын даярлау жөніндегі филиалын ашу бойынша жұмыстар басталды.

✅ Екінші үлкен жаңалық – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024 жылғы 02 мамырдағы бұйрығымен оқыту жүйесінде «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру топтарына қабылдаудың шекті баллы 50-ге түсірілді. KazNARU қабырғасында білім алушылардың басым бөлігі ауыл мектептерінің түлектері екенін ескерсек, енді оларға ауыл шаруашылығына аса қажетті мамандықтарды игеруге жасыл жол ашылды.

✅ Білім алушылар үшін оқу ордамызда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар толық жасалған. KazNARU Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанды. Мысалы, №3 және №6 студенттік жатақханлар университет бюджетінің есебінен толықтай күрделі жөндеуден, ал басқа жатақханалар ағымдағы жөндеуден өткізілді. KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары Қуат Сұлтанғазиевтің айтуы бойынша, мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары соңғы 20 жылда жүргізілмеген.

✅ Серіктесіміз «Ритм Строй ЭК» ЖШС қолдауымен тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектелді, қажетті жиһаздар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары мен газ плиткалары қойылды. Нәтижесінде заманауи келбеттегі жаңғыртылған бөлмелер студенттерге, магистранттар мен жас ғалымдарға бөлініп берілді.

Сондай-ақ, «Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық шарт негізінде 9 қабатты, 450 орындық жаңа студенттік жатақхананың құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 2,3 млрд теңге болатын жатақхана қасынан студенттер үшін Медициналық орталық тұрғызылмақ.

✅ Естеріңізге сала кетейік, университет стадионының құрылысын «Когкем» ЖК рекордтық қысқа мерзімде – бес айда бітіріп, студенттерге қуаныш сыйлаған болатын. Орталық стадионды жаңғыртуға «Atlant Systems» ЖШС жеке инвесторы тарапынан 150 млн. теңге сомасында қаражат тартылды.

✅ Оқу ордасындағы бұл жетістіктер – Жаңа Қазақстан жағдайындағы Жаңа Университет құру жолындағы ұжым қызметінің атқарған жарқын мысалдарының бір парасы ғана.

✅ KazNARU мектеп бітіруші түлектерді қарсы алуға дайын!

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник