KazNARU

KazNARU студенттері "Көлсай көлдері" МҰТП аумағын таза ұстау акциясына үлес қосты

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің белсенді жастары Мемлекет Басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясы аясында «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркімен бірлесе «Қоқыссыз таза табиғат» науқанын өткізді.

Студент жастар Отан қорғаушылар күнінде тек демалуды мақсат тұтпай, сонымен бірге жағалауы көкке шаншылған шыршалармен көмкерілген Көлсай көлінің табиғатын таза ұстауға белсене кірісті. Студент жастардың бұл бастамасын Ұлттық парк аумағының табиғи байлығын қорғап, өңірдегі туризмнің қанат жаюына жағдай жасау үшін аянбай еңбек етіп жүрген «Көлсай көлдері» мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері де қуана қолдады.

Осылайша тазалық науқаны «Парктер шеруі - 2024» табиғат қорғау акциясына ұласты.  

Естеріңізде болса «Парктер шеруі» – халықаралық деңгейде жыл сайын табиғатты қорғау мақсатында өткізілетін акция. Шараның шығу тарихы 1840 жылы Дж.Стерлинг Мортонның АҚШ-тың Небраска штатына келуінен басталады. Ол жаңа қоныстағы алқапта тұрған жалғыз ағашқа көзі түсіп, жұбайы екеуі ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын бастаған болатын. Кейінірек Мортон Небраска штатындағы газеттің редакторына абаттандыру күніне арнап тұрғындардың ағаш көшеттерін отырғызу күнін өткізуді ұсынды. Бұл бастама кеңінен қолдауға ие болды. 
«Біздің мақсатымыз - мереке күні тек табиғат аясында демалып, ойнап қайту емес, осында келіп демалып жатқандарға тазалық сақтаудың қаншалықты маңызды екенін өз ісімізбен көрсеткіміз келді. Көп адам осында артынып-тартынып келіп, демалып, өкініштісі сол қоқыстарын шашып кетіп жатады. Табиғатты қорғау, ол ең алдымен айналаңды таза ұстаудан басталады», - дейді «Ветеринария» факультетінің 1 курс студенті Әділбек Нұрислам.

Жалпы бұл акцияға университетіміздің жүзге тарта студенті үлес қосып, оларға «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы өз алғыстарын білдірді.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник