KazNARU

ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ ШАПАҒАТЫН БҮГІНГІ ҰРПАҚ КӨРІП ОТЫР

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде жыл сайын Ұлы Жеңіс күнінде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін ардақтау, кездесу ұйымдастырып, құрмет көрсету жақсы дәстүрге айналған.

Осы жолы да KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев университеттің Даңқ мемориалы алдында қатарымызда жүрген ардагерлерді, оқытушы аға ұрпақ өкілдерін, Әскери кафедраның офицерлері мен студенттерді Жеңіс күнімен құттықтап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

✅ Күні кеше ғана еліміз 7 Мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнін атап өткен болатын. Бүгін 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күнін қарсы алып отырмыз.

«Бүкілхалықтық қос мереке – ерлік пен елдіктің, аға ұрпақ пен жас буынның асқақ рухы мен дәстүрін өзара сабақтастырып отыр. Атап айтқанда, биыл Халық қаһарманы, Рейхстагқа бірінші болып Ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы кеңінен атап өтілуде. Біздің оқу ордамыздың 30-дан астам түлектері Кеңес Одағының батырлары, Еңбек Ері атанғанын білесіздер. Ұлы Жеңісті жақындатқан осы ардагер тұлғаларымыздың қаһармандығы мен қайсарлығынан бүгінгі жастар үлгі алып, батырларға қарап бой түзейді. Дәстүрлі мерекемен баршаңызды құттықтаймын!» - деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.

✅ Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Бейбіт өміріміз бен тыныштығымыз баянды болу үшін білікті әскери мамандар қажет. Бұл өмір заңдылығы! Әскері күшті мемлекет – ең айбынды мемлекет!

95 жылдық бай шежіресі бар KazNARU базасында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісі жоғары дәрежеде жүргізіліп келеді. Студенттер үшін «Айбын» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Құрылғанына биыл 76 жыл толып отырған Әскери кафедрамыз осы уақытқа дейін 60 мыңнан астам запастағы офицерлер мен сержанттар дайындап шығарды.

✅ Курсанттарымыз 10 түрлі әскери мамандық бойынша оқытылады. Қазіргі уақытта 792 курсант білім алуда, олардың ішінде: 542-сі KazNARU студенттері, 250-і басқа жоғары оқу орындарынан. Әскери кафедраның иелегінде 2 оқу корпусы, 20 арнайы жабдықталған аудитория мен бронетанктік техника, автокөліктер, азық-түлік қызметінің техникасы мен жауынгерлік оқу қарулары бар.

✅ KazNARU жаңа заман талаптарына сай жаңашы бағытпен даму үстінде. Жақсы оқу сапасына қол жеткізу, халықаралық талаптарға сай цифрлы университет құру бағытында біршама ауқымды шаруалар атқарылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 4 ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тәжірибелік шаруашылықтың оқу ордасына қосылуы – осы зерттеу университетіне көшуіміздің алғы шартының бірі.

✅ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2024-2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, ғылыми-зерттеу мен жоғары білім беруді біртұтас жүйеге айналдыру бағытында 26 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.

✅ Тағы бір ерекше жаңалық – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024 жылңы 02 мамырдағы бұйрығымен оқыту жүйесінде «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру топтарына қабылдаудың шекті баллы 50-ге түсірілді. KazNARU қабырғасында білім алушылардың басым бөлігі ауыл мектептерінің түлектері екенін ескерсек, енді оларға ауыл шаруашылығына аса қажетті мамандықтарды игеруге жасыл жол ашылды.

Тұңғыш рет оқытудың жаңа форматы – онлайн оқу жүйесі енгізілді. Екі дипломдық оқу бағдарламасын жүзеге асыру бағытында бірнеше әлемнің озық оқу ордаларымен келісім-шарттарға қол қойылды.

✅ «Жаңа Қазақстанның болашақ кадрларына сапалы білім мен саналы тәрбие беру, жастарды Отан қорғау мен ел игілігі үшін адал қызмет етуге баулу – біздің ең абыройлы міндетіміз! Бұл арада қайталап айтамын, біздің университетте білім культі маңызды болуы тиіс. Сіздер мен біздің мақсатымыз – әділетті университет құру, оқу ордамыздың бұрынғы дәуірлеген даңқын қайтару», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

Халқымыздың рухын асқақтатқан айшықты мерекелеріміз құтты болсын!

KazNARU Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник