KazNARU БАЗАСЫНДА ЛАНЬЖОУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ҚЫТАЙ-ҚАЗАҚСТАН АҚЫЛДЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығы Қытайдың Ланьжоу Университетінің жоғары делегациясы мүшелерімен кездесті. Қонақтарды Ланьжоу Университетінің «Белдеу және жол» зерттеу орталығы директорының орынбасары, экология және малшаруашылығы профессоры Ронг Луиджи бастап келді. Кездесуге ҚХР Бас консулдығының Алматы қаласындағы технология және ғылым жөніндегі Консулы Чжан Вей қатысты.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Басқарма төрағысы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов екі елдің арасындағы ғылыми байланыстарды одан ары тереңдету мәселесіне кеңінен тоқталды.
Университетіміз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің бастамаларын қолдай отырып, көптеген жылдар бойы Қытай ғылыми ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Соның ішінде, ауыл шаруашылығы саласындағы бірлесекен зерттеулер нәтижелерін агроөндіріске енгізу, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, оқытушылар мен студенттер алмасу және сапалы кадрлар даярлау бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері аз емес.
«Біздің университет KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының жетекшілігімен күншығыс елімен ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар нақты іс-шараларды жүзеге асыруда. Өткен 2023 жылы ғана ҚХР Ғылым академиясы, Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылым академиясы, Пекиндегі Ауыл шаруашылығы университеті, Сычуан, Хынань, Шихыцзы сияқты университеттерден 12 делегация келіп қайтты. Соның ішінде Ланьжоу Университетінің Президенті Ян Чуньхуа да арнайы келіп, Қытай-Қазақстан Ақылды ауыл шаруашылығы орталығын құруды ұсынған болатын. Бүгін сол мақсатты орындау үшін тағы бас қосып отырмыз. Бұдан басқа да бірнеше ғылыми нәтижелерге қол жеткіздік», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Мысалы, университетіміздің базасында Қытай елінің Dayu Irrigation Group компаниясының қолдауымен су ресурстарын мониторингілеу және болжау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында «Цифрлық зертхана» құру жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті әлемдік жоғары деңгейде білім беру сапасы мен халықаралық жобаларды арттыру бойынша бастамаларды жүзеге асыруда. Интернационалдандыру және халықаралық студенттерді тарту бағдарламасы аясында 200-ге жуық шетелдік студенттер білім алуда.
Бүгінгі іс-шараның мақсаты да осы – Қытай мен Қазақстан арасындағы ғылым, білім және бизнес саласындағы қатынастарды одан ары нығайту, екі ел университеттері арасындағы ынтымақтастықты тереңдету.
Бұған келесі бағыттар кіреді: - бірлескен ғылыми зерттеулер, зертханаларды дамыту бойынша жұмыстар; - студенттермен, магистраттармен және профессорлармен алмасу бағдарламаларын жасау; - білім беру бағдарламаларын бірлесіп құру; - оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша бірлескен курстар ұйымдастыру; - екі дипломдық бағдарлама жасау; - ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қою.
Ланьжоу Университеті Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан, жүз жылға жуық тарихы бар жетекші оқу ордасының бірі. Онда ғылым, технология және экономика, ауыл шаруашылығы, экология саласы тереңдетіліп оқытылады.
Тараптар кездесу барысында Қытай-Қазақстан Ақылды ауыл шаруашылығы орталығын құру туралы келісімге қол қойды.
KazNARU Баспасөз қызметі.