ТЕХНОЛОГИЯҒА ТАБАН ТІРЕГЕН ӨҢІРДІҢ ҰТАРЫ КӨП
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы төралқасының көшпелі отырысы өтті. «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында ұйымдастырылған отырыста өңірлік ғылымның болашағы туралы ұтымды ойлар айтылды.
Отырыс барысында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда академия ұсынған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын жүзеге асыру мақсатында өңірлік ғылымды дамытудың алғышарттары талқыланды. Іс-шараға Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, бірқатар жауапты сала өкілдері, ғалымдар, сарапшылар қатысып, көкейдегі ойларын ортаға салды.
Көшпелі отырыста сөз сөйлеген Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев әкімдік жанынан Ғылым және технологиялар кеңесі құрылатынын, оның құрамына ғалымдар, жергілікті мәслихат депутаттары, бизнес өкілдері енетінін атап өтті.
«Өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытудың стратегиялық мәселелерін шешуге барлық мүмкіндік бар. Өсімдік шаруашылығы саладағы өндірілетін өнімнің 60 пайызын қамтамасыз етеді. Алайда жоғары өнім алу үшін сапалы тұқым керек. Тұқымды өсіруден бөлек оны өңдеп, сатылымға шығару мәселесін қолға алатын кез келді», деді Е. Қарашөкеев.
Басқосу барысында сөз сөйлеген А.Күрішбаев ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін құрудың маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, сонда ғана жұмыс белгілі бір жүйеге түседі. «Осы жерде дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне тоқталған жөн. АҚШ-тың әрбір штатында ірі зерттеу университеттері, өңірлік ғылыми орталық бар, олар сол өңірдің экономикасын дамытудың инновациялық орталығына айналған. Олардың жұмысын штат губернаторлары үйлестіреді. Өкінішке қарай, елімізде ғылыми қамтамасыз етудің мұндай өңірлік жүйесі жоқ», деді ол.
А.Күрішбаевтың айтуынша, жүйенің құрылмауына тосқауыл болып тұрған бірнеше себеп бар көрінеді. Біріншіден, өңірлердегі ғылымды дамыту мәселесінде теңгерімсіздік орын алған. Яғни зерттеуші мамандардың 35 пайызы ғана жұмыс істейді. Олардың дені Алматы мен Астана секілді мегаполистерде шоғырланған.
«Ұлытау облысында Алматы қаласымен салыстырғанда 68 есеге, Алматы облысында — 28 есеге, Түркістан облысында — 27 есеге, Солтүстік Қазақстан облысында – 18 есеге, ал Жамбыл облысында 13 есеге төмен. Осы ретте Алматы қаласы зерттеушілер саны бойынша тіпті Канаданы басып озғанын айтуымыз керек.
Ғылымды қаржыландыру бойынша да Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр, олардың үлесіне барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-мақсатты және базалық қаржыландырудың 79%-ы, гранттық қаржыландырудың 75%-ы тиесілі. Жергілікті бюджеттерден бөлінетін ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен. Мысалы, ол 2023 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың бар болғаны 0,4%-ын құрады. Ал 10 өңірде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден қаражат мүлдем бөлінбеді.
Екіншіден, дамыған елдерде технологиялық дамудың ажырамас элементі саналатын, ғылым мен бизнес арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін бизнес-құрылымдар үшін білімді таратудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесі біздің өңірлерде жоқ. Сондықтан біздің ғалымдар жергілікті мәселелерді білмейді, ал бизнес ғалымдардың ғылыми әзірлемелерінен хабары жоқ.
Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдар өңірлердің экономикасын дамытуға функционалды жауапты болғандықтан, зерттеу қызметінің нәтижелерін өндіріске енгізуге, білімді таратуға, шетелдік технологияларды трансферттеуге қатысып қана қоймай, сонымен бірге өңірге тән өзекті мәселелерді шешу үшін ғылыми тақырыптарды орындауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыруға толық мүмкіндігі бар болса да, олар ғылым мен инновацияларды дамыту мәселелерінде іс жүзінде сырт қалып отыр», деген А. Күрішбаев саладағы өзекті мәселелерді ашып айтты.
Көшпелі отырыста өңір басшысы Е.Қарашөкеев облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы тілге тиек етті. Оның айтуынша, өткен жылы ғалымдардың жетекшілігімен шаруаларды жоғары репродукциялы тұқыммен қамтамасыз ету үшін 12 түрлі күздік бидай дақылына тәжірибе жасалған. Осы жылы тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға қазынадан 857 милллион теңге бөлінген.
Әулиеата төрінде өңірлік ғылымды өркендету туралы түрлі ұсыныстар айтылған жиын қорытындысында президиумның барлық көшпелі отырыстарының қорытындысы негізінде Үкіметке өңірлік ғылымды дамыту бойынша ұсыныстар жеткізілетіні айтылды.
Тараз
"ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН",
24.05.2024
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ