KazNARU мен ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АРАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
2024 жылдың 24 мамырында Жамбыл облысы әкімдігі Білім басқармасының делегациясы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне арнайы келіп, еліміздегі аграрлық саладағы жетекші оқу ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, қызметімен танысты. KazNARU қабырғасында қазіргі уақытта Жамбыл облысы бойынша 734 білім алушы, оның ішінде, «Су, жер және орман ресурстары» факультетінде 314, «Ветеринария» факультетінде 202 студент оқып жүр. Өңірдің бес ауданында 85 білім алушы кәсіби практикадын өтуде.
KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов қазіргі таңда еліміз үшін білікті кадрларды даярлау әрқашан маңызды тақырып болып қала беретініне тоқталып, университетіміз бүгінгі күні заман талаптарына сай жаңа бағытта даму үстінде екенін атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – жоғары оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналу. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында тұңғыш рет оқытудың жаңа форматы – онлайн оқу жүйесі енгізілді. Екі дипломдық оқу бағдарламасын жүзеге асыру үшін шетелдік озық іргелі оқу ордаларымен келісімшарттарға қол қойылды. Әрине, бұл бағытта студенттер контигентінің сапасын арттыру үшін өздеріңіз сияқты жергілікті білім басқармаларының қолдауы өте қажет. Сіздерді ауыл шаруашылығы мамандарының қай салаларға қажеттілігін анықтап, өңірлерді бірге дамыту ісін бірлесе жүргізуге шақырамыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Сондай-ақ, үлкен жаңалық – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024 жылғы 02 мамырдағы бұйрығымен оқыту жүйесінде «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру топтарына қабылдаудың шекті баллы 50-ге түсірілгені айтылды. KazNARU қабырғасында білім алушылардың басым бөлігі ауыл мектептерінің түлектері екенін ескерсек, енді оларға ауыл шаруашылығына аса қажетті мамандықтарды игеруге жасыл жол ашылды.
Өз кезегінде делегация жетекшісі, Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасының басшысы Садырқұлов Рауан Нұрғалиұлы университет тарапынан кәсіптік бағдар беру аясында жүргізілген іс-шараларға оң баға беріп, мектеп бітірушіл түлектердің KazNARU сияқты үлкен оқу ордасында білім алуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, KazNARU профессор-оқытушылар құрамы мен белсенді студенттерден жасақталған арнайы топтары ақпан-наурыз айларында жамбылдық мектеп бітіруші жас түлектермен кездесіп, ақпараттар мен буклеттер таратып, қызықты сұхбаттар, тренингтер жүргізген болатын. Негізгі мақсат – мектеп бітірушілерге болашақ мамандығын дұрыс таңдауға бағыт беру, ауылшаруашылығы маманы боламын деген талапкерлерге университет факультеттерінің ерекшелігін таныстыру.
Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы, оның ішінде, егін және мал шаруашылығы ерекше дамыған өңірдің бірі. Әсіресе, өсімдік шаруашылығы саладағы өндірілетін өнімнің 60 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл туралы жақында, 21 мамырда Тараз қаласында өткен «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбындағы көшпелі отырысында айтылды. Іс-шараға Ұлттық ғылым академиясының През謬¬денті, KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректоры Ақылбек Күрішбаев, облыс басшысы Ер¬бол Қарашөкеев, бірқатар жауапты сала өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қаты¬¬сып, көкейдегі ойларын ортаға салды. Нәтижесінде, Жамбыл облыстық әкімдік жанынан Ғылым және технологиялар кеңесі құрылатыны, оның құрамына ғалымдар, жергілікті мәслихат депутаттары, бизнес өкілдері енетіні хабарланды.
Жоғары санаттағы аграрлық оқу орнында білім алып, жақсы маман атану, өмірдегі өз орнын тауып, туған елге адал қызмет ету әрбір жастың арманы. Білім қуған талапкерлерге бірлесе бағыт-бағдар беру қоғамның ортақ парызы.
Кездесу барысында «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ және «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы» КММ арасында Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, осындай екіжақты Меморандум университет пен «Құлан агротехникалық жоғары колледжі» КМҚК арасында да қабылданды.
Облыстық Білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов пен Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Олжас Мұсақұлов бастаған делегация мүшелері Вагенинген институты, Микроклональды лаборатория, Қазақстан-Жапон орталығы, АгроХаб пен Су Хабында болып, университеттің инфрақұрылымдар жүйесімен және білім беру бағдарламаларымен танысты.
Кездесуге университет проректорлары мен декандары, кафедра меңгерушілері мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
KazNARU Баспасөз қызметі