KazNARU

ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАНЫҢ АБЫЗЫ ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ

Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов 94 жасқа қараған шағында бақилық болды.

Отандық медицина ғылымының көшбасшы тұлғасы, ғылым және техника саласындағы бірнеше мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, абыз ақсақал барша халықтың қадір тұтар айбынды ел ағасы еді.

Бүкіл саналы ғұмырын ғылымға қызмет етуге, ғылым мен денсаулық саласын өркендетуге арнаған Төрегелді Шарманұлы мемлекетіміздің медицинасының дамуына қосқан зор үлесімен көпшілікке кеңінен танымал.

Еңбек жолын Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Орталық ауруханадан бастаған ол Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі, Ақтөбе медицина институтының ректоры қызметтерін абыроймен атқарып, ел тұрғындарының денсаулығын сақтау саласын өркендетуге атсалысты.

Төрегелді Шарманов іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде 12 жыл бойы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігін басқарып, отандық нутрицологтар мектебінің негізін қалады және алғашқы медициналық-санитарлық көмектің теңдесі жоқ ұлттық жүйесін құрды.

1974 жылдан бастап ол ғұмырының соңына дейін, республиканың жетекші ғылыми ұйымдарының бірі – Қазақ тамақтану академиясының тұрақты президенті болды.

Академик Төрегелді Шарманов Орта Азиядағы тағамтану институттарының ашылуына бастамашы болды, әлемдік деңгейдегі көптеген ғылыми-медициналық зерттеу жобаларына басшылық етті.

Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі, ЮСАИД, ЮНИСЕФ секілді халықаралық ұйымдармен тығыз әріптестік қызметтер жасаған бірегей тұлға. 350-ден астам еңбектің, оның ішінде 22 монографияның авторы атанды. Оның басшылығымен жас нәрестелерге арналған "Бөбек", "Аруана", "Антихолестерин" тағам қоспаларын шығарды.

Дүниежізілік денсаулық сақтау саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін Төрегелді Шарманұлы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғарғы марапаты Леон Бернард атындағы мәртебелі медальға ие болған жалғыз қазақ дәрігері атанды. "Қазан революциясы", "Халықтар достығы", "Парасат" ордендерімен марапатталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының және "Ғылым" номинациясындағы "Платина Тарланы" тәуелсіз сыйлығының иегері болды.

Әлемдік медицина саласында көптеген шәкірттер мен ғылыми кадрлардың бірнеше буынын – ғылым кандидаттарын және докторларын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз еді.

Асыл ағамыздың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник