KazNARU БАСШЫЛЫҒЫ ҚЫТАЙ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, KazNARU базасында ҚХР жоғары білім беру саласындағы жетекші оқу орны – Қытай Аграрлық университетінің (САU) филалын құру туралы бастама көтерілген болатын. Енді міне, сол келісім аясында Қытай ауылшаруашылық университетінің Халықаралық Кеңсесінің бөлім бастығы ТАН Лу ханым бастаған делегация үш күндік сапармен Алматыға келді.
KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов университеттің өзекті агроөнеркәсіптік мәселелерді шешудегі жұмыстары туралы және ҚХР компанияларымен серіктестіктің дамып келе жатқаны жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол су ресурстарын неғұрлым тиімді басқару үшін заманауи тәсілдер мен цифрландыруды дамытудың маңыздылығын, сондай-ақ Қазақстан аумағында және оған іргелес өңірлерде су тасқынын тиімді және ұзақ мерзімді болжаудың өзекті мәселелерін шешу жолдарын ел күтіп отырғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта KazNARU базасында қытайлық Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су тасқынын болжау мақсатында су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана» құру бойынша жұмыстар басталды.
«KazNARU мен САU арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келіссөздер Қазақстан мен Қытайдың білім беру және ғылыми байланыстарын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Болашақта бізде Қытай аграрлық университетінің кампусын ашу екі елдің ғалымдарына АӨК өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік беретіні анық. Сонымен бірге, екі дипломды білім беру бағдарламаларын жасау, бірлескен ғылыми зерттеулер екі университеттің студенттеріне бірден екі елде білім алуға бірегей мүмкіндік береді», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Екі дипломдық білім студенттердің академиялық көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, мәдени алмасу мен өзара түсіністіктің дамуына ықпал етеді. Студенттер Қазақстанда да, Қытайда да озық агротехнологияларды, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту әдістерін және аграрлық ғылымның басқа да маңызды аспектілерін оқып-үйрене алады. Бұл өз кезегінде олардың халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Қытай жағынан CAU Sanya институтының деканы, профессор FENG Weizhe, (онлайн), CAU Халықаралық Кеңсесінің бастығы Чжао Сяохуэй ханым, (онлайн), CAU Халықаралық Кеңсесінің бөлім бастығы Тан Лу ханым, Су шаруашылығы және азаматтық құрылыс колледжі деканының орынбасары, профессор НЮ, Су және құрылыс колледжінен профессор ЛЮ Вэнфэн, Жайылым ғылымдары және технологиялар колледжінен профессор ЯН Гаовен, Су ресурстарын басқару және инженерия колледжінің өкілі профессор Ниу Жан сөз сөйлеп, өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді.
KazNARU «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің деканы Сарсекова Дани Нұрғисақызы екі университет ғалымдарының күш-жігерін біріктіру аграрлық технологиялар, экология, биотехнология және басқа да салалардағы ауқымды жобаларды жүйелі іске асыруға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Қытай делегациясының мүшелері алдағы күндері KazNARU ғылыми-инновациялық инфра-құрылымымен, Агро Хаб, Су Хабы ғылыми-зерттеу орталықтарында атқарылып жатқан ғылыми жұмыстармен танысып, Бартоғай су қоймасы мен Үлкен Алматы каналына барады.
KazNARU Баспасөз қызметі